Қазақстанда мәдениет қызметкерлерінің еңбекақысы үш жылда екі есе өсті

АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі шығармашылық ұйымдарды дамыту, қолдау, инфрақұрылымды жаңарту және мәртебесін нығайту бағытында жүйелі қызмет атқарып келеді. Соңғы жылдары мәдениеттің рөлін арттыруға бағытталған бірқатар шаралар жүзеге асырылды. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі мәлім етті.

Қазақстанда мәдениет қызметкерлерінің еңбекақысы үш жылда екі есе өсті
Фото: madeniportal.kz

 — Мемлекеттік қолдау және шығармашылық ұжымдарды ынталандыру мақсатында соңғы бес жылда мәдени ұйымдардың мәртебесін көтеруге маңызды қадам жасалды. 2020 жылы бес республикалық мекемеге «Ұлттық» мәртебесі берілсе, 2023 жылы Ақтөбе және Түркістан облыстарының 34 өнерлік ұжымдары «Халықтық» және «Үлгілі» атақтарына ие болды. 2024 жылы Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейі мен ҚР Орталық мемлекеттік музейіне «Ұлттық» мәртебесі берілді. Сондай-ақ Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы мен Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы «Академиялық» атаққа ие болды, — делінген хабарламада.

2023 жылы соңғы 30 жылда алғаш рет республикалық бюджеттен мемлекеттік концерттік және оқу орындарына музыкалық аспаптар сатып алуға 1 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінді. Бұл шара жас музыканттардың кәсіби дамуына және дарынды орындаушыларды қолдауға мүмкіндік берді.

— Тарихи-мәдени мұраны сақтау және насихаттауға ерекше мән беріліп отыр. 2024 жылы музейлердің шетелдік көрмелерін мемлекеттік субсидиялау мен мәдени құндылықтарды шетелге шығару тәртібін реттейтін «Мәдениет туралы» заңға өзгерістер енгізілді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ЮНЕСКО-ға ұсыну үшін «Жібек жолы: Ферғана–Сырдария дәлізі» және «Маңғыстаудың жерасты мешіттері» номинациялық досьелері дайындалды, — деп жазды ведомствоның баспасөз қызметі.

ҚР Ұлттық музейінде ашылған Палеонтология залы мен Қолөнершілер орталығы көпшіліктің қызығушылығын тудырды. 2023 жылы «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музейі жанынан жаңа визит-орталық ашылды. 2024 жылы Түркістан облысында Қожа Ахмет Ясауи мұрасын зерттеу орталығы құрылып, «Ордабасы» мен «Гаухар-Ана» визит-орталықтарының құрылысы аяқталды.

Мәдени инфрақұрылымды жаңғырту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. 2020 жылдан бері үш жаңа нысан салынып, пайдалануға берілді. Атап айтсақ, Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры, Түркістан музыкалық драма театры және Солтүстік Қазақстан облысындағы С. Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театры.

2020 жылы Құддұс Қожамияров атындағы республикалық мемлекеттік ұйғыр музыкалық комедия театрының ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. 2024 жылы демеушілік қаражат есебінен Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры ғимаратына жөндеу жұмыстары жасалды. Былтыр Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры ғимаратын, биыл Наталия Сац атындағы мемлекеттік академиялық орыс балалар мен жасөспірімдер театрының ғимаратын реконструкциялау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Тарихи мұраны зерттеудің маңызды орталығына айналатын далалық «Бозоқ» археологиялық паркі салынып жатыр.

Жалпы 2025 жылы Қазақстан бойынша мәдениет нысандарында 51 құрылыс және 250 жөндеу жұмысы жоспарланған.

— Мәдени саясаттың маңызды бағыты — сала мамандарын қолдау және ынталандыру. 2023 жылы соңғы отыз жылда алғаш рет «Халық әртісі» құрметті атағы қайта тағайындалып, 8 мәдениет қайраткеріне берілді. Жас қазақстандық таланттар халықаралық деңгейде де табысты өнер көрсетіп жүр. Атап айтсақ, вокал, скрипка, дирижерлік және дәстүрлі музыкалық аспаптар бойынша 65 өнерпаз беделді байқаулардың жеңімпазы атанды, — делінген хабарламада.

Мәдениет мекемелері қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңімен арттыру (орта есеппен 20%) жалғасып келеді. 2022–2025 жылдар аралығында олардың еңбекақысы екі есе көбейді. Биыл 75 әдебиет пен өнер қайраткеріне мемлекеттік стипендия табысталды. Мемлекет басшысы Мәдениет және өнер қызметкерлері күні қарсаңында саланың үздіктеріне мемлекеттік наградалар табыстады.

Еске сала кетейік, бұған дейін депутаттар ең төменгі жалақының мөлшерін көтеруді ұсынды.

Соңғы жаңалықтар