Қазақстанда маған көрсетілген аса зор ілтипат ойлағанымнан да асып түсті - корейлік кино әртісі Сон Иль Гук

None
None
АНА. 7 мамыр. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - 2010 жылы Оңтүстік Кореядағы Қазақстан жылы өтті. Оның шеңберінде кәрістер бір жыл бойы қазақтың дәстүріне, мәдениеті мен тұрмыс салтына молынан қанықты.

Жоғары деңгейде келісілген шешім бойынша биыл Қазақстандағы Корей жылы атап өтіледі. Соған орай, 5 мамыр күні Астанада Қазақстандағы Корей жылының салтанатты ашылуы болды. Салтанатты шараға корей елінің эстрада және кино жұлдыздары арнайы келді. Олардың арасында қазақстандық киносүйер қауымға «Ханзада Жумонг» телехикаясы арқылы жақсы таныс әртіс - Сон Иль Гук бар. Әртіс Астанаға аяқ басқан бірінші күні өзінің фанаттарына қолтаңбасын таратты. Қалың жұрттың алдына суырылып шығып қолтаңбаны бірінші болып алған ақжаулықты әжейіміздің қуанышында шек болмады. Қолтаңба таратуды шамамен бір жарым сағатта аяқтау жоспарланған болатын, бірақ жанкүйерлер сүйікті әртісін жібермей, бас-аяғы үш сағаттан астам уақыт ұстады. Келесі күні корейлік жұлдыздарды бір көріп қалуды армандаған астаналықтар Қазақстандағы Корей жылының салтанатты ашылу концертіне ағылды. Ол күні 3,5 мың орынға есептелген Астананың ең үлкен - «Қазақстан» Орталық концерттік залының аузы-мұрны лық толды. Сыймай қалған жүздеген адам Орталық концерттік залдың кіреберіс есіктерін шараның соңына дейін күзетіп тұрды. Мұндай аншлаг өткен жылы Голливудтың маңдайалды әртістері келген Экш-фильмдердің «Астана» кинофестивалінде де болмаған. Отандық өнерсүйер қауымның корейлік жұлдыздарға деген ыстық ықыластарын ескере келе, кештің басты кейіпкері - Сон Иль Гуктың бірнеше бұқаралық ақпарат құралына, соның ішінде «ҚазАқпарат» агенттігіне берген сұхбатын қаз-қалпында ұсынуды жөн көрдік.

- Сон Иль Гук, қолтаңбаңызды алуға келген фанаттарыңыздың санын көрдіңіз. Қазақстанда осыншама жанкүйерді тостыңыз ба?

- Өткен жылы мен, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Корей Республикасына жасаған сапары құрметіне арналған ресми қабылдауға шақырылдым. Бұл шақыру қазақстандық тараптың бастамасымен болғандықтан, мені Қазақстанда жақсы көретінін сонда сезіндім. Корей еліндегі қазақстандық БАҚ-пен болған сұхбатымда да журналистер Қазақстандағы танымалдығым туралы және мені онда жақсы көретінін айтқан болатын. Ал мында келгеннен кейін, біріншіден - жылы қабылдау, екіншіден, жанкүйерлердің мол саны ойлағанымнан да асып түсті. Мен қазақстандықтармен жүзбе жүз кездескім келді, сондықтан Астананың табалдырығын аттай сала базарға бардым. Базарда мені бірден таныды, адамдар маған: «Жумонг»,- деп айқайлап жатты. Жанкүйерлеріме рахмет! Әртістің танымал болуының аса бір ерекшелігі, сені ешкім танымаса рөлдерге де шақырылмайсың. Сондай-ақ айта кетейін, менің Қазақстанда бір танысым бар - Әйгерім Айдарова. Ол қазір Кореяда Сон Кюн Куан университетінде оқиды. Мен онымен «Chosun Ilbo» газеті ұйымдастырған сұхбат барысында таныстым. Одан кейін біз дос болып кеттік. Ол маған Қазақстан тарихы туралы айтып берді, тіпті қазақша бір-екі ауыз сөз де үйретті.

- Сонда қай базарға бардыңыз?

- Шанхайға. Негізі базарға бару жоспарда жоқ еді. Бірақ базардың жанынан машинамен өтіп бара жатып, оны көргім келіп кетті.

- Бірдеме сатып ала алдыңыз ба, азық-түлік дегендей...?

- Жеміс-жидектер мен жаңғақ сатып алдым. Жалпы құрғақ климатта өскен жеміс-жидектер өте дәмді болады.

- Білуімізше, бұл Қазақастанға алғашқы сапарыңыз емес.

- Иә, Қазақстан жеріне алғаш рет үш жыл бұрын аяқ аттап бастым. Мен Қазақстан арқылы Қырғызстанға бардым. Ол кезде Алматыны ғана көру мүмкін болды, осы жолы Астананы да тамашаладым. Алматы ескі, мәдени қала, ал Астана жас болғанымен өте қарқынды дамып келе жатқан заманауи қала.

- Сізді Қазақстанда танымал еткен «Ханзада Жумонг» телехикаясы. Бұл рөлге қалай шақырылдыңыз және сериалды түсіру барысында қандай да бір қызықты эпизодтар болды ма?

- Білетін болсаңыздар, «Корея» сөзінің түбірінде оның ежелгі атауы -«Когурё» атауы жатыр. Когурёны жаудан азат еткен нақ сол Жумонг болатын. Әрбір корейліктің көңіліне Когурё кезеңі еліне деген мақтаныш пен қамқорлықты ұялатады. Сондықтан азаткер Жумонгтың рөлін кез келген әртіске ұсынса ол ойланбастан қабылдар еді. Бұл рөлді маған ұсынғанда мен де қуана-қуана келістім. Мен үшін бұл үлкен құрмет.

«Ханзада Жумонг» сериалын түсірген кезде қызықты жәйттар болды. Өздеріңіз көргендей онда ат үстіндегі және садақ ату эпизодтары өте көп. Сондай бір сәттерді түсіру кезінде мен аттан оңбай құлап, өлім құша жаздағанмын. Тағы бір оқиға, алғашында садақты дұрыс атпай, атқан жебем түсіру тобының көлігіне тиген болатын. Сөйтіп, машинаға естелікке тесік қалдырдым.

- Сізге қазақстандық киносүйер қауым арасында танымалдылық алып келген тағы бір сериал - «Теңіз патшасы». Бұл фильмге қалай келдіңіз?

- Негізі бұл рөлді басқа танымал әртіс ойнауы керек болатын. Бірақ оның сол уақыттағы жеке басының жағдайына байланысты, рөлге мен шақырылдым. Мен онда жағымсыз және екінші пландағы рөлді ойнадым. Соған қарамастан көрермендердің көңілінен шықтым.

- «Теңіз патшасында» жағымсыз кейіпкердің рөлін сомдасаңыз да сізге осы сериал ерекше ыстық екенін білеміз. Неліктен?

- Біріншіден, сериалдың түсірілімдері өте күрделі және қиын болды. Мен үшін де олар оңайға соққан жоқ. Кез келген адамға маңдай термен келген дүние ыстық қой. Екіншіден, нақты осы сериал маған әртіс ретінде атақ алып келді. Сонымен бірге, осы сериалға түсіп жатқан кезімде отбасымның жағдайы біршама ауыр болатын, осы сериалдан кейін мен аяғымнан тұрып кеттім.

- Әртіс ретінде Қазақстанның киноиндустриясымен таныссыз ба? Мүмкін біздің режиссерлар түсірген картиналардың біреуін көрген боларсыз?

- Өкінішке қарай, қазақстандық фильмдерді көруге мүмкіндік тумады. Өткен жылы Кореядағы Қазақстан жылы аясында қазақстандық киноның фестивалі өтті, онда «Сталинге сый» киносы көрсетілді. Бірақ ол уақытта мен кезекті сериалдың түсірілімінде жүрдім. Бірақ осы жолы Қазақстаннан Кореяға оралғанда осы киноны міндетті түрде көруге бел буып отырмын.

- Қазақстандық-корейлік бірлескен фильмге түсуге келісер ме едіңіз?

- Әрине. Қарсы болмас едім.

- Корейде телехикаяларды түсіру жақсы дамыған. Оларды түсіру үдерісі қалай жүреді? Сериалдар түсіріліп жатып экранға бірден шығарылып отырады ма, әлде түсірілім толық аяқталысымен, монтажын тиянақтап жасап болған соң жібересіздер ме?

- Менің білуімше, Жапония мен АҚШ-та сериалдар көрермендердің назарына толық түсіріліп болғаннан кейін ұсынылады. Корей елінде жүйе басқаша. Біз хикаялардың 20-30 пайызын түсіреміз де экранға шығара береміз. Яғни бір аптаға алдын ала түсіріп отырамыз. Сол арқылы көрермендердің көңіл-күйін бақылаймыз және соған қарай сценарийді өзгертіп отырамыз. Корейлік сериалдардың танымал болуы да сол себепті. Бірақ мұндай жүйенің өзінің қауіптері де бар.

- «Ханзада Жумонг» сериалы да солай түсірілді ме?

- Иә, Қытайда 2 ай бойы жүргізілген түсірілімдерді ескермегенде, осы жүйе бойынша түсірілді. Алдағы екі аптаға алдын ала түсіріп отырдық.

- Сериалдар көбіне қандай қаражатқа түсіріледі жекеменшік пе, әлде мемлекеттік пе?

- Көбінесе жекеменшік қаражатқа, мемлекеттік бюджеттен түсірілетіні кем де кем.

- Қазір қандай жаңа киноларға түсіп жатырсыз?

- Бірер күн бұрын «Криминал бөлімі» атты кезекті сериалдың түсірілімі аяқталды. Мамыр айының ортасында Корея тәуелсіздігі үшін күрескен жауынгер туралы сыр шертетін спектакльде ойнаймын. Бұдан кейін тағы бір киноға түсуім жоспарланып отыр. Әзірше оның атауын білмеймін.

Айтқандай, қолымдағы жүзікті көріп отырған шығарсыздар. Оны маған кеше Корей елінің Қазақстандағы Елшісінің резиденциясында осында тұратын корей апай берді. Ол Корейдің азаттығы үшін күрескен жауынгердің ұрпағы екен.

- Бұған дейін сомдаған рөлдердің ішінде қайсысы жаныңызға етене жақын және қандай кейіпкерді ойнағанды ұнатасыз, жағымды ма әлде жағымсыз ба?

- Ұнататын қандай да бір рөлім жоқ. Маған сценарий ұнаса болды. Меніңше, жағымсыз кейіпкер рөлінің өзінің ерекшелігі бар. Мен телехикаялардағы рөлімді жағымсыз кейіпкерлерді сомдаудан бастадым. Бірақ фильмнің соңына қарай кейіпкерімнің мінезі өзгеріп, ол жағымды кейіпкерге ауысатын. Мысалға «Теңіз патшасы» және «Махаббат шырмауы» сериалдарындағы рөлдерім сондай болды.

- Голливуд әртістерінің қайсысын құрмет тұтасыз?

- Мен әртістердің барлығына құрметпен қараймын. Голливудта келбеттерінен өң, бойларынан шымырлық кетпеген 60-70 жастағы әртістер бар. Кореяда ондай әртістер жоқ. Әдетте мұндай жастағы әртістер экран бетінен біртіндеп сырғытылып түсе береді. Бірақ мен 60-70-ке келсем де сымбаттылығымды сақтап қалуға тырысатын боламын.

- Өзіңізді режиссер ретінде сынап көргіңіз келмей ме, кино түсіру ойыңызда жоқ па?

- Жоқ. Мен тек әртіспін.

- Сіз кішкентай кезіңізде әртіс емес дизайнер болғыңыз келгенін білеміз. Қалаған жолыңызбен бармай сахнаға келуіңіздің себебі неде?

- Иә, балалық шағымда дизайнер болғым келді. Бірақ бағым жанбай бұл мамандық бойынша университетке түсе алмай қалдым. Сонда таныстарым сахнаны тануға жол ашатын басқа мамандыққа түсуге кеңес берді. Әртіс те, дизайнер де сахна мамандықтары. Сондықтан театр факультетіне түстім.

- Өз жасыңыздан тым жас көрінесіз. Сіздің ұстанатын диетаңыз Кореядағы қыздардың арасында танымал. Ажарлы келбетіңіз бен дене сымбаттылығыңыздың сыры неде?

- Денсаулығымның басты сыры - мен ешқашан шылым шекпеймін және алкогольді аузыма татып алмаймын. Сондай-ақ мен вегетериандықпын. Етті жемегеніме 10 жыл болды. Бірақ маған кеше Астанада қой етінен жасалған кәуап дайындап қойыпты. Жегім келгені соншалық өз-өзімді әрең ұстадым. Онымен бірге, үнемі спортпен шұғылдануға тырысамын, әсіресе, триатлонмен. Бұл спорт түрін үйреткен Кореядағы жаттықтырушым Қазақстаннан болатын. Және де мен өмірге қашан да оптимистік тұрғыда қараймын.

- Сіздің жұбайыңыз судья. Судья мен әртіс қалай кездесті? Және білуімізше, балаларыңыз жоқ. Қанша балаңыз болғанын қалайсыз?

- Мені болашақ әйеліммен журналистер таныстырды. 1,5 жылдан кейін біз отау құрдық. Әрине, көп баламның болғанын қалаймын.

- Діни сеніміңіз қандай?

- Мен - христианмын.

- Сіздің анаңыз саясаткер, ал атаңыз туралы көптеген фильмдер түсірілді. Көпшілікке танымал тегіңіз үлкен жауапкершілік жүктейтін шығар?

- Иә, менің анам әртіс болған. Қазір саясатпен айналысады, депутат. Атам Корея тарихындағы белгілі адам. ХХ ғасырдың басындағы тәуелсіздік жолындағы қозғалыстың басында тұрған, жапон басқыншыларына қарсы күрескен генерал Ким Чжа Чжиннің шөбересімін. Ол туралы деректі фильмдер түсірілген, тарих пәні оқулықтарында да арғы атам туралы мәліметтер кездеседі.

Әрине, мен үлкен жауапкершілікті сезінемін. Ол жауапкершілік туралы маған айтатындар да көп...


- Тағдырға сенесіз бе және ата-анаңыз ырымдап берген есіміңіз үлкен бақытқа жол аша алды деп ойлайсыз ба?

- «Сонг» - менің тегім, есімімнің екі ортасындағы сызықша - «бір», «Гук» - мемлекет деген мағынаны білдіреді яғни, бір мемлекет. Мен 1 қазанда туғаннан кейін, есімім Корейде осы күні атап өтілетін - Әскерилер күнімен байланысты. Сондықтан таныстарым менің туған күнімді ешқашан ұмытпайды. Мен бүтін бір мемлекетті «ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен» қорғап қалған батыр - Жумонгтың рөлін сомдадым. Тағдырыма ризамын, алға қойған мақсатым орындалды деп есептеймін.

Соңғы жаңалықтар