Қазақстанда «Мәңгілік ел» республикалық акциясының бірінші кезеңі өтті

ҚР Білім және ғылым министрлігі Жастар ісі жөніндегі комитетінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы бойынша «Студенттік өзін-өзі басқару және даму одағы» корпоративтік қоры ұйымдастырған шараға Астана, Қарағанды, Көкшетау, Қостанай, Петропавл және Павлодар қалаларынан шамамен 2 мың адам қатысты.
Акция елордадан басталды. Шара барысында еріктілер ірі сауда үйлерінде болып, қазақ және орыс тілдеріндегі кітапшалар таратып, мемлекеттік тілді үйрену маңызы жайында әңгімеледі. «Біздің жастарымыздың мұндай маңызды проблеманы шешуге көмек қолдарын созатындығы қуантады. Мен орыс, украин, ағылшын тілдерін жетік білемін, қазақ тілін үйренуге де талпынып жүрмін. Көптеген сөзді барлығы да біледі. Біз оларды күнделікті оқимыз, автобустарда естиміз. Әрине, мына кітапша менің кәдеме жарайтындығына сенімім мол. Өкініштісі6 тым кішкентай екен, бірақ үнемі қалтаңа салып, алып жүруге өте ыңғайлы. Мұндай акциялар тұрақты өтуі тиіс», - деді Көкшетау қаласының тұрғыны Алена Степаненко.
«Мен мектепте оқыған 1990 жылдардың басында қазақ тіліне жете көңіл бөлінбегені есте. Ендігі уақытта тілді үйренуге барлық жағдай жасалып отыр», - дейді елордалық Гүлнұр Сыздықова.
Айта кетерлігі, акцияның келесі кезеңі қыркүйек айында Шымкент Шымкент (4.09), Алматы (8.09), Тараз (9.09), Қызылорда (10.09), Талдықорған (11.09) және Семей (12.09) қалаларында ұйымдастырылады.