Қазақстанда медицина мекемесі ғимараттарының 44,7 пайызы тозған

«Бүгінде республика бойынша 6 мыңнан астам мемлекеттік денсаулық сақтау объектісі халыққа медициналық қызмет көрсетіп отыр. Оның ішінде 492 аурухана және 5695 медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысаны бар. Медициналық ұйым ғимараттарының тозу деңгейі - 44,7%. Атап айтқанда, стационарлар ғимаратының тозуы - 43,5%, ал медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдары - 41,9%. Сонымен қатар елдегі жұмыс істеп тұрған стационарлардың көпшілігі халықаралық стандарт талаптарына сәйкес келмейді», - деді Ажар Ғиният Үкімет отырысында
Оның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту жұмысы жүріп жатыр.
«Ұлттық жоба аясында 655 медициналық-санитариялық алғашқы көмек орталығы салынады. Сондай-ақ, ел бойынша 32 көпбейінді аудандық орталық аурухана күрделі жөндеуден өтіп, қайта жаңартылады. Аталған шаралар ауыл тұрғындарына медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - дейді министр.
Одан бөлек, А. Ғиният қалаларда бірнеше денсаулық сақтау мекемесі салынатынын хабарлады.
- Астана және Алматы қалаларында 2 ғылыми-инновациялық көпбейінді клиника;
- мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде 8 көпбейінді аурухана;
- 12 перинаталды орталық;
- онкология орталықтарының желісі.
Сонымен қатар, бүгінде мына өңірлерде құрылыс жалғасып жатыр:
- Қостанай, Алматы облыстарында 3 аудандық емхана;
- Қызылорда, Павлодар облыстарында 2 көпбейінді аурухана (қайта жөндеу);
- Маңғыстау облысында аудандық орталық аурухана;
- Қызылорда қаласында қан орталығы.