12:05, 23 Маусым 2016 | GMT +5
Қазақстанда медициналық бұйымдардың 7 пайызы ғана шығарылады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда медициналық бұйымдардың тек 7 пайызы ғана шығарылады. Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова осылай мәлім етті. Жалпы отырыста Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде медициналық бұйымдар айналысының бірыңғай қағидаттары мен қағидалары туралы келісімге Армения Республикасының қосылуы туралы хаттама ратификацияланған болатын.

«Қазіргі күні Қазақстанда сегіз мыңнан астам медициналық бұйымдар тіркелген. Олардың ішінде 598-і Қазақстанда шығарылады. Бұл шамамен барлық медициналық бұйымдардың 7 пайызы. Қалған медициналық бұйымдарға келсек, олардың 17 пайызы Ресейден, 5 пайызға жуығы Беларуссиядан келеді. Армениядан медициналық бұйымдар елімізге келмейді, Қырғызстаннан да шығарылатын медициналық бұйымдар Қазақстанда тіркелмеген», - деді ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова. Оның сөзіне қарағанда, Қазақстандағы медициналық бұйымдардың қалған бөлігі Еуропалық Одақ елдерінен әкелінеді.