Қазақстанда медициналық-демографиялық көрсеткіштер жақсарып келеді

«Қазір «Саламатты Қазақстан-2015» мемлекеттік бағдарламасы іске асырылуда. Денсаулық сақтау жүйесі сапалық тұрғыдан даму үстінде. Халықтың денсаулық көрсеткіштері бойынша оң серпінге қол жеткізіліп отыр. Бала туу көрсеткіші мен өмір жастың ұзақтығы ұлғайды», - деп атап көрсетті Елбасы Н.Назарбаев «Әлеуметтік-экономикалық жаңарту -Қазақстан дамуының басты бағытты» атты Жолдауында.
Денсаулық сақтау министрлігінің ақпаратына сүйенсек, 2012 жылдың І жартыжылдығында ана өлімі 13 пайызға төмендеген және әр 100 мың тірі туғандарға қатысты 15,4 көрсеткішті құраған. 2011 жылы бұл көрсеткіш 17,7-ге тең болған еді. Оған қоса, шақалақ өлімінің көрсеткіші 5,1 пайызға төмендеп, тірі туылған 1000 балаға 14,8-ді құраған.
Сондай-ақ, өткен жартыжылдықта халықтың табиғи өсімі әр 1000 адамға шаққанда 13,90-ға ұлғайған, 2011 жылы бұл көрсеткіш 13,02 болған еді. Бала туу көрсеткіші 22,29-дан 22,77-ге өссе, өлім-жітім көрсеткіші әр 1000 адамға шаққанда 9,27-ден 8,87-ге дейін төмендеген.
Халықтың табиғи өсімінің ең жоғары көрсеткіші Оңтүстік Қазақстан облысында (25,60), Маңғыстау облысында (24,05), Қызылорда облысында (22,05), Атырау облысында (21,09), Жамбыл облысында (19,66), Алматы облысында (16,01), Ақтөбе облысында (14,50) және Астана қаласында (19,56) тіркеліп отыр..
Айта кету керек, халықтың ауруларға шалдығу көрсеткіші әр 100 мың адамға шаққанда 56463,47-ден 56098,22-ге дейін төмендеген. Халықтың туберкулез ауруына шалдығу көрсеткіші де төмендеген және әр 100 мың адамға шаққанда 86,09-ды құраған, 2011 жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 94,6 болған еді. Туберкулезден болған өлім-жітім де өткен жылмен салыстырғанда 8,6-дан 7,4-ке (100 мың адамға шаққанда) төмендеген.
Оған қоса, ағымдағы жылдың 5 айында қан айналымы ауруларынан болған өлім-жітім көрсеткіші де едәуір төмендеген, әр 100 мың адамға шаққанда 2501-ді құраған. 2011 жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш 397,9 болған еді.
«Саламатты Қазақстан» бағдарламасының аясында профилактикалық шаралар, скринигілік зерттеулер, ана мен бала өлімін, әлеуметтік маңыздағы ауруларды азайтуға, медициналық қызметтердің сапасын жақсартуға мүмкіндік беретін басқа да шаралар қабылдануда.