Қазақстанда медреселердің атауы өзгертілді

«Біз санаулы мерзім ішінде медресе жұмыстарына елеулі реформалар жасадық. Медреселердің оқу бағдарламаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Міндетті діни пәндерден бөлек, қазіргі заман талабына сай, оларға қоғамдық мамандықтар да қосылды. Сонымен, медреселеріміз колледж деңгейіне көтерілді. Жаңа Тұжырымдамаға сәйкес, олар медресе-колледж деп аталады. Сол медресе-колледждерімізді бітірген шәкірттер басқа да зайырлы оқу орындарына барып, сол дипломмен оқуға түсе алады және мемлекеттік мекемелерде діни және зайырлы мамандықтар бойынша қызмет ете алады. Бұл болашақ дін қызметкерлері үшін үлкен мүмкіндік, зор жетістік деп атар едім», - деді өз баяндамасында Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы.
Сонымен қатар, Бас мүфти медреселердің колледждерге бір мезетте емес, кезең-кезеңмен көтерілетіндігін баса айтты.
«Біз биыл шәкірттерді медреселерге тұңғыш рет тоғызыншы сыныптан бастап қабылдадық. Бұған дейін тек он бірініші сыныпты бітірген мектеп түлектерін ғана қабылдап келген едік. Әзірге екі медресе Алматы облысының Қарасай ауданындағы Шамалған елді-мекенінде орналасқан «Үшқоңыр» медресесі мен Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданындағы Ынтымақ елді мекенінде орналасқан «Сарыағаш» медресесіне колледж мәртебесі берілді. Ал қалған медреселер колледжік оқу орнының талаптарына сәйкестендіріліп, кезең-кезеңмен өтетін болады», - деді Ержан қажы Малғажыұлы.
Айта кетелік, қазір елімізде барлығы тоғыз медресе жұмыс істейді. Олар еліміздің әр түрлі өңірлерінде орналасқан.
«Діни білім тұтастығы діни тұрақтылық кепілі» атты республикалық тәжірибелік конференцияның жұмысы одан әрі жалғасуда.