Қазақстанда мектеп оқушыларының 87,7 пайызы жыл бойы спортпен айналысу мүмкіндігіне ие

АСТАНА. 18 маусым. ҚазАқпарат - Қазақстанда мектеп оқушыларының 87,7 пайызы жыл бойы спортпен айналысу мүмкіндігіне ие.

Қазақстанда мектеп оқушыларының 87,7 пайызы жыл бойы спортпен айналысу мүмкіндігіне ие

Бұл туралы бүгін Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің кеңейтілген отырысында Білім және ғылым вице-министрі Мұрат Әбенов мәлім етті. Еске салсақ, комитет төрайымы Дариға Назарбаеваның жетекшілігімен өткен отырыста еліміздегі мектеп оқушыларын бұқаралық спортқа тәрбиелеу мәселелері қаралған болатын.

Вице-министрдің айтуынша, соңғы жылдары еліміздің оқушылары мен тәрбиеленушілері үшін мектептегі спорттық база кеңейе түсті. «Мәселен, республиканың жалпы білім беретін мектептерінің балансында 20 мыңнан астам спорттық ғимарат бар. Ал мектеп жасындағы балалардың 87,7 пайызы спорт залдарында жыл бойы дене шынықтырумен және спорт түрлерімен айналысу мүмкіндігіне ие. Сонымен қатар, олардың 23,7 пайызы қысқы спорт түрлерімен айналысса, тек 1,5 пайызы ғана мектеп жағдайларына орай суда жүзумен айналыса алады», - дейді М. Әбенов.

Оның сөзіне қарағанда, республиканың 1 762 мектебінде арнайы медициналық топтар ашылған. Онда денсаулығы нашар 20 мыңнан астам мектеп оқушысы спорт түрлерімен айналысады.

Бұдан бөлек, вице-министр мектептердегі дене тәрбиесі пәні мұғалімдерінің сапалық құрамы да жақсарып келе жатқанын атап өтті. «Қазір мектептегі спорттық тәрбие жұмыстарын 19 мыңнан астам дене тәрбиесінің мұғалімдері қамтамасыз етіп жүр», - деді ол.