Қазақстанда мектеп түлектері соңғы қоңырауға қанша теңге жұмсайды
АСТАНА. KAZINFORM – Биыл еліміздегі өңірлерде түлектер альбомы, лента және фартук бағасы өзгерді. Kazinform тілшісі Қазақстан қалаларының мектеп түлектері соңғы қоңырауға қанша қаржы жұмсайтынын білді.
Соңғы қоңырау – мектеп түлектері үшін маңызды іс-шара. Бір сыныпта оқып, тең өскен балалар бір-бірімен қоштасады, естелік фотоға түседі. Түлектер альбомына түсу үшін олар алдын ала дайындалып, бірдей лента жасатады, кейде қыздар фартук тіктіреді.
Еліміз бойынша Қостанай қаласында соңғы қоңырауға арналған атрибуттардың бағасы төмен. Түлектер альбомының бағасы шамамен 2 000 теңгеден (екі беттен тұрады әрі қағазы қалың емес) басталады. Фотосессия жасап, дайын үлгіні таңдаса альбом бағасы 6 000 – 10 000 теңге аралығында. Ал жаңа идея мен тың ұсыныстардың бағасы 15 000 теңгеден басталады. Түлектер лентасының қарапайым үлгісінің бағасы 650 – 1 000 теңге болса, аты-жөні жазылған немесе тығыз матадан жасалған нұсқаларының құны 1000–2500 теңге аралығында. Қазіргі кезде түрлі таспен көмкеріп, жылтыр әсер беретінін де жасатуға болады. Бұл лента бағасы – 4 500–4 800 теңге. Қыздар үшін фактуктің орташа бағасы – 4 000 – 8 000 теңге.
Петропавлдағы фотосалондар бір беттік түлектер альбомын, яғни планшет тәрізді естелік фотоны 2 000 – 4 000 теңгеге жасап береді. Ал екі бекттік альбом бағасы орта есеппен – 7 000 теңге. Бірнеше беттен тұратын фотокітап бағасы 10 000 теңгеден басталып, 20 000 теңгеге жетеді. Баға қағаз түріне, дизайнына қарай өсіп, өзгере береді. Лента бағасы 1 000 – 2 000 теңге болса, ең арзан фартук бағасы 4 000 – 6 000 теңге. Егер «форма + фартук» жиынтығын жеке тіктірсе бағасы 15 000 теңгеден жоғары болады.
Оралда түлектерге арналған жиынтық бағасы форматы мен сапасына байланысты өзгеріп отырады. Түлектер альбомының бағасы 3 000 – 5 500 теңгеден басталып, кейде 7 500 – 10 500 теңгеге дейін жетеді. Қарапайым атлас ленталарды 500 – 1 000 теңгеге, ал тығыз матадан жасалып, аты-жөні жазылғанын 1 000 – 1 500 теңге сатып алады. Орташа баға — 700 – 1 200 теңге. Мектеп фартугінің қарапайым үлгісі 3 000 – 6 000 теңге, ал сапалы әрі сәнді үлгісі 6 000 – 10 000 теңге аралығында.
Ақтөбеде түлектер альбомының қарапайым түрі шамамен 4 000 – 6 000 теңге, ал бірнеше беттен тұрса және фототүсірілім жасаса 10 000 – 20 000 теңгеге дейін жетеді. Ленталардың бағасы — 1350–1850 теңге. Фартук тіктіру құны 5000 теңгеден басталады.
Түркістанда түлектер альбомының бағасы әртүрлі. Форматы мен мазмұнына қарай құны – 4 000 – 25 000 теңге аралығында. Бұл қалада лентаны 500–700 теңгеге сатып алуға болады. Ал фактук құны – 8 500 – 15 000 теңге аралығында.
Таразда соңғы қоңырауға арналған жиынтық бағасы таңдауға қарай түзілді.
Түлектер альбомының қарапайым түрі (екі беттен немесе 10 шақты беттен тұрады, үш киім ауыстып фотоға түседі) 4 500 – 6 000 теңгеден басталады. Орташа бағасы — 4000 – 10 000 теңге. Егер альбомға тапсырыс берген оқушы саны 15-тен асса, мұғалімге тегін ұсынылады. Фотосессия, мобилограф, реквизит және қатты мұқабасы бар қымбат альбом топтамасының бағасы – 10 000 – 20 000 теңге. Ленталардың бағасы шамамен 2 000 теңге болса, қоңырау тігіп, таспен безендірілгені 2 400 теңге болады. Бант немесе көбелек галстук тақса 4 000 – 4 500 теңге қажет. Қарапайым матадан тіксе бағасы – 3 500 – 4 000 теңге. Қыздар фартукты 3 000 теңгеге сатып алады. Оның қымбаты 10 000 теңге болып тұр. Орташа баға — 6 000 – 8 000 теңге. Тігін шеберханасына сынып боп тапсырыс берсе, арзанға шығады.
Көкшетауда да соңғы қоңырауға дайындық бағасы салыстырмалы түрде арзан болуы мүмкін. Дегенмен мұнда да баға таңдауға байланысты түрленіп отырады. Екі беттік түлектер альбомының бағасы 5 000 теңгеден басталса, мұқабасы қалың әрі үш рет ашылатын альбом үшін 6 500 теңге және одан көп ақша төлейді. Сонымен бірге мұқабасы мен оның сапасына қарай бір рет ашылатын нұсқасының бағасы 10 500 теңге, екі және одан да беттік альбом бағасы 12 500 – 18 000 теңге. Ленталардың бағасы да тапсырыс көлеміне қарай өзгереді. Егер бірер данасын ғана жасатса 1 500 теңге болады. Ал 3–9 данасын 1200 теңгеге, 10 және одан да көп болса әрбіреуін 850 теңгеге сатып алуға болады. Фартук бағасы 3 000 – 5 000 теңге, қыздар форманы қоса сатып алса 10 000 теңге болады.
Талдықорғанда түлектер альбомының бағасы беттің санына қарай 5 000 – 13 000 теңге аралығында. Лента құны 380–700 теңге, ал есімі жазылса әріп саны мен материалына байланысты бағасы қымбат. Фартук бағасы 6 000 теңгеден басталып, 12 000 – 15 000 теңгеге дейін жетеді. Форма мен фартукты бірге сатып алса баға одан да жоғары болады.
Өскемен мен Семейде түлектер альбомының бағасы орта есеппен 5 000 – 15 000 теңге. Екі беттік альбом 6 000 – 7 000 теңге болса, үш беттік альбом бағасы 7 000 – 8 000 теңге. Ленталар бағасы 2 000 – 4 000 теңге, ал фартук бағасы 6 000 теңге және одан жоғары.
Ақтау қаласында бағалар арасында үлкен айырмашылық бар. Фотоальбом бағасы 5 000 – 20 000 теңге аралығында. Ленталар құны шамамен 2 000 – 3 000 теңге болса, фартук құны 6 000 теңгеден басталады. Дизайны мен матасына қарай кейде баға 10 000 – 15 000 теңгеге дейін жетеді.
Қонаевта екі беттен тұратын альбом бағасы орта есеппен 5 000 – 7 000 теңге, үш-төрт беттік альбом құны 9 000 – 12 000 теңге. Фотокітапқа тапсырыс берсе 15 000 – 20 000 теңге төлейді. Түлектердің қарапайым ғана лентасы 500–800 теңге сатылса, аты-жөні жазылған нұсқасы 1 000 – 1 800 теңге. Фартук бағасы 5 000 – 9 000 теңге аралығында. Оны тапсырыспен де тіктіруге болады.
Шымкентте түлектің екі беттік альбомының бағасы 5 400 – 7 000 теңге болса, үш-төрт беттен тұратын альбомды жасату құны 9 400 – 11 000 теңге. Кітап тәрізді альбомға тапсырыс берген түлектер 15 000 – 18 000 теңге (маусымдық фотосессия жасайды) шығындайды. Сынып болып тапсырыс берген кезде қарапайым лентаны 470–700 теңгеге сатып алады. Аты-жөні жазылса 950 – 1 500 теңге, мойыншалғы тәріздісі 1 890 – 2 000 теңге, тығыз матадан тіктіргені 2 500 – 3 500 теңге болады. Фартук бағасы орта есеппен 5 000 – 8 000 теңге, ал форма мен фактук жиынтығының бағасы 10 000 – 20 000 теңге аралығында.
Алматыда да соңғы қоңырауға дайындық кезінде түлектер альбом, лента және мектеп формасына тапсырыс береді. Екі беттен тұратын альбомның орташа бағасы 6 000 – 8 000 теңге, үш-төрт беттік альбом 10 000 – 14 000 теңге, ал кітап тәрізді фотоальбом бағасы 18 000–25 000 теңгеге есептелген. Көп беттен тұратын альбомға тапсырыс бергендер маусым сайын фотосессия жасайды. Сынып болып лентаға тапсырыс берсе ең арзанын 500-900 теңгеге сатып алуға болады. Ал аты-жөні жазылса 1 200 – 2 000 теңге. Мойыншалғы тәрізді түрі 2 000 – 3 000 теңге, ал барқыт матадан тіккені 3 500 – 5 000 теңге. Фартук құны орта есеппен 6 000 – 10 000 теңге, ал «форма + фартук» жинағының құны 15 000 – 30 000 теңге.
Астанада түлектер кешіне арналған дайындық ата-аналар үшін одан да қымбатқа түседі. Екі беттік альбом бағасы орта есеппен 6 500 – 9 000 теңге, үш-төрт беттік альбом құны 11 000 – 15 000 теңге. Бірнеше рет фотосессия жасатып, кітап тәрізді альбом жасап шықса 20 000 – 28 000 теңге төлейді. Қарапайым ленталар құны 600 – 1 000 теңге, аты-жөні жазылса 1 500 – 2 500 теңге. Фартук құны – 7 000 – 12 000 теңге аралығында.
Қарағанды мен Жезқазғанда екі беттік альбом бағасы 8 000 теңгеден басталады. Дайын үлгіде түлектің өз фотосы, сынып оқушылары бар. Сонымен бірге топ болып түскен фотоларын таңдайды. Альбом бағасы беттің саны мен қағазына қарай қымбаттай береді. Ленталар 500 – 1 500 теңге, ал фартук бағасы 5 000 – 10 000 теңге аралығында.
Қызылордада альбом бағасы – 8 230 теңге (сыртқы мұқабасы қатты, дизайн фотосалон ұсынысы аясында таңдалады және фототүсірілім бір орында жасалады). Ленталардың орташа бағасы — 500 – 1 200 теңге. Фартук бағасы - 3 000 – 7 000 теңге, формамен бірге таңдаса 10 000 – 15 000 теңге.
Павлодарда соңғы қоңырауға дайындықтың орташа шығыны: альбом 10 000–15 000 теңге, лента – 2 000 – 2 600 теңге, фартук – 6 000 – 12 000 теңге.
Атырауда альбом бағасы шамамен – 15 000 теңге болса, лента құны 990 теңгеден басталады. Таспен көмкеріп, аты-жөнін де жазып береді. Ер балалар иығына сәнді шен тақса 1 890 теңге, кішкентай қоңырау мен темір шынжыр байласа 2 590 теңге болады. Бант немесе галстук жиындығының құны – 3 690 теңге. Фартук құны 5 000 теңгеден басталады.
Айта кетейік, бұған дейін министрлік бітіру кештерін білім беру ұйымдарынан тыс жерлерде ұйымдастыруға болмайтынын хабарлаған еді.