Қазақстанда мектептердің 98 пайызы интернетке, 38 пайызы кең форматты ғаламторға қосылған - Білім және ғылым министрі Ж. Түймебаев
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Әлемдік қоғамдастық білім беру саласын информатизациялауға үлкен мән беруде. Мектептерге жаңа ақпараттық технологиялар енгізіп, соның арқасында білім беру ісінде инновациялық әдістер қолдануда», дейді Ж. Түймебаев. Мәселен, білім беру жүйесіне арналған ақпараттық коммуникациялық инфрақұрылымға Жапония 9 млрд. доллар, АҚШ - 6 млрд. доллар, Ұлыбритания - 3,5 млрд. доллар жұмсайды.
«Ресей Халықаралық қайта құру және даму банкінен 300 млн. долларға тарта қаражат тартып, ел бюджетінен 67 млн. доллар бөлген. Ал Бірыңғай білім берудің ақпараттық ортасын құру туралы федералдық бағдарламасына 2 млрд. доллар қарастырылған. Қазақстанда өткен оқу жылында 83 млн. доллар қаржы бөлінді», деп атап көрсетті министр.
Бұл білім беру саласына бөлінген қаржының тек 5,7 пайызы ғана.
Білім министрінің айтуынша, Қазақстанның білім беру саласындағы ақпараттандыру үрдісіне қанағаттанарлық баға беруге болады. Министр ұсынған мәліметке сәйкес, елімізде компьютермен қамту жұмысы оңтайлы жүргізіліп келеді. Бүгінде 18 оқушыға - 1 компьютерден келеді. Мектептердің 98 пайызы Интернетке және 38 пайызы кең форматты ғаламторға қосылған.