Қазақстанда мемқызметте өсудің «мансап картасы» жасалады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда мемлекеттiк қызметте өсудiң мансап картасы жасалады. Бұл туралы бүгiн Орталық коммуникациялар қызметiнде өткен брифингте Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жемқорлық тәуекелдерін талдау және анықтау басқармасының басшысы Динара Жаненова мәлiм еттi.
None
None

«Бiз талантты пулға кiрген әрбiр мемқызметшіге мансап картасын жасауды жоспарлаудамыз. Онда ол 3-5 жылдың iшiнде иеленгiсi келетiн 3 лауазымды көрсетуi тиiс, соған байланысты бiз оған қандай машықтарды дамыту қажеттiгiн көрсетемiз. Агенттiк те соған қарап, оның тәжiрибе өтуi мен ротациялары көрсетiлген жеке бағдарлама жасақтайды», - дедi Д. Жаненова.

Оның атап көрсеткенiндей, мансап картасын жасақтау - халықаралық тәжiрибе. Шетелде оны сәттi жүзеге асыруда.

«Бұл құжат үмiткерлердiң мемқызметке орналасуынан бастап жасалады. Оның бiлiгi, мейлiнше мықты дамыған машықтары мен ептiлiгi сараланады. Қызметкердiң бұл қасиеттерiн белгiлi бiр қызметке лайықты етiп таңдап, сәттi қолдануға болады. Осылайша оның мансабы да өседi. Осы картаның негiзiнде ол 3 жылдан соң, мысалы, басқарма басшысының орынбасары, кейiн департамент директорының орынбасары болатынын бiледi», - дедi Д. Жаненова.

Бұл жаңашылдық мемқызметкерлердiң ертеңге деген сенiмге ие болып, болашақта заңсыз кадрлық шешiмдердiң жасалмайтынын бiлiп отырады. Оның сөзiне қарағанда, мансап карталарының әдiстемесi мен формасы заңға тиiстi өзгертулер енгiзiлген соң жасалады.

Соңғы жаңалықтар