Қазақстанда меморгандарды тексеру науқаны басталады

Кәсіпкерлікті дамыту департаментінің директоры Асланбек Жақыповтың айтуынша, бүгінде министрлікке кәсіпкерлерді қолдау және олардың құқығын қорғау құзіреті берілген.
«Бұл дегеніміз, біз кез келген мемлекеттік органды тексере аламыз. Біріншіден, кәсіпкерлерге қатысты мемлекеттік бақылаудың тәртібі қалай атқарылды, соны тексеруге құзіретіміз бар. Мәселен, бір меморган кәсіпкерлік нысанды тексерсе, біз ол тексерістің қалай өткізілгенін зерделей аламыз. Қандай да бір заңбұзушылықтар анықталған жағдайда тиісті шаралар қолға алынады. Екіншіден, рұқсат қағаздарын беру жұмысын тексеруге құқымыз бар. Үшіншіден, мемлекеттік қолдау шараларын атқару барысын бақылай аламыз. Яғни, рұқсат беру немесе мемлекеттік қолдау дұрыс жасалмаса, тиісті шаралар қабылданады. Бүгінде дәл осы үш салада кәсіпкерлердің құқықтары жиі бұзылады. Сол себепті біз аталған бағыттарды таңдадық», - деді А.Жақыпов Астанада өткен баспасөз мәслиxатында.
Оның сөзіне қарағанда, алдағы уақытта аймақтарда қоғамдық қабылдаулар ашылады. Сол кезде кез келген кәсіпкер өзінің арыз-шағымын тапсыра алады. Соның негізінде мемлекеттік органдарға қатысты тексеру шаралары жүргізіледі.
«Біз алғашқы аймақ ретінде Алматы қаласын таңдадық. Ағымдағы жылы 20-22 ақпан күндері «Нұр Отан» партиясының Алматы қалалық филиалында қоғамдық қабылдау ашылады. Кәсіпкер келіп, өз арызын жазып кете алады. Сол шағымның негізінде мемлекеттік органдарға қатысты жоспардан тыс тексерулер ұйымдастырылады», - деп атап көрсетті А.Жақыпов.
Айта кетейік, бүгін ҚР Ұлттық экономика министрлігі кәсіпкерлерді тексерудің жаңа әдісін түсіндірді.