Қазақстанда мешіттерді кім салады және кім қаржыландырады
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда бүгінде 2 850 мешіт жұмыс істейді, олардың барлығы еліміздің мұсылмандарының діни басқармасының (ҚМДБ) қарамағында. Мешіттердің қызметі қалай реттеледі және олар қандай қаржы көздері арқылы жұмыс істейді. Бұл туралы Kazinform агенттігінің материалынан оқи аласыз.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, Қазақстан Республикасының Конституциясының 1-бабына сәйкес, Қазақстан өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде жариялайды. Мемлекет діннен және діни бірлестіктерден бөлінген.
Осы нормаға сәйкес, мемлекет діни бірлестіктердің, соның ішінде ҚМДБ-ның қызметіне, егер ол ел заңнамасына қайшы келмесе, араласпайды.
2025 жылдың І тоқсанының қорытындысы бойынша, Қазақстанда Республикалық ислам діни бірлестігі – ҚМДБ-ның өзінде 1 мешіт, ал оның өңірлік филиалдарында 2 849 мешіт қызмет атқарады.
Елде қанша мешіт салынатыны туралы сұраққа министрлік жауап берген жоқ, мұндай деректерді жинау ведомство құзыретіне кірмейтінін айтты.
Жаңа мешіт салу туралы шешімді кім қабылдайды
Жаңа мешіттердің құрылысын бастау туралы шешімді жергілікті атқарушы органдар, яғни әкімдіктер қабылдайды. Дәл солар жаңа ғибадат орнының қай жерде және қашан салынатынын белгілейді, сондай-ақ ғимараттарды мешіт ретінде қайта бейіндеу мәселесін қарайды.
«Ырыскелді қажы» мешітінің бас имамы Нұрлан қажы Байжігітұлының айтуынша, мешіт салу процесі күрделі және заң талаптарын қатаң сақтауды қажет етеді.
– Белгілі бір құқықтық талаптар бар. Инициативтік топ немесе меценат ҚМДБ-ға, Бас мүфтидің атына өтініш береді. Мүфти келісімін бергеннен кейін айтылған адам жер телімін бөлу үшін құжаттарды жергілікті билікке жолдайды. Кейде мешіт салу мектеп салғаннан қиын болады, – дейді имам.
Мешіттер қалай қаржыландырылады
Мешіттердің жұмысына мемлекеттік қаржы бөлінбейді. Олардың қызметі ерікті қайырымдылық, демеушілік көмек және өзге де игі бастамалар есебінен жүзеге асады. Мешіттер – жеке негізде қаржыланатын коммерциялық емес діни бірлестіктердің құрамдас бөлігі.
Нұрлан қажы Байжігітұлының айтуынша, еліміздегі көптеген мешіттер қаржы тапшылығын бастан кешіреді.
– Кейде имам демеушілерден немесе жамағаттан қолдау сұрауға мәжбүр болады. Қазіргі имам – әрі рухани ұстаз, әрі шаруашылық меңгерушісі, әрі электрик, әрі аула сыпырушы. Әсіресе ауыл мешіттерінде жағдай осындай, – дейді ол.
Сонымен қатар, жарғыға сәйкес, әр мешіт түскен қаражаттың 30%-ын ҚМДБ-ға аударады.
Қаржыға кім бақылау жүргізе алады
Діни бірлестіктердің қаржылық операцияларына, заңсыз жолмен табылған қаражатты жылыстату мен терроризмді қаржыландырудың алдын алу мақсатында, Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігі бақылау жасайды.
Заңға сәйкес, қайырымдылық қабылдайтын діни бірлестіктер бұл қаражаттың заңға қайшы мақсаттарға жұмсалмауы үшін шаралар қабылдауға, сондай-ақ АФМ сұрауы бойынша есептілік ұсынуға міндетті.
Бұдан бөлек, ҚМДБ-ның өз ішінде ішкі бақылау комиссиясы жұмыс істейді.
– Комиссия құрамында тек діни қызметкерлер ғана емес, бұрынғы депутаттар, академиктер, ақсақалдар бар. Әр мешіттің өз кеңесі мен ревизиялық комиссиясы болады. Олар барлық мәселені тексеріп, бақылап отырады, – деді Нұрлан қажы Байжігітұлы.
Бұған дейін Қызылорда облысының Қармақшы ауданында орналасқан Байқоңыр қаласында тұңғыш мешіттің қазығы қағылғанын жазғанбыз.
Айта кетейік, 2026 жылы ЮНЕСКО Маңғыстау мешіттерін Бүкіләлемдік мұра тізіміне қосу мәселесін қарайды.