Елімізде мұз дәуірінен жеткен ағаштар бар ма және олардың көмегімен климатты қалай болжайды

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда мұз дәуірінен бері сақталған ағаштар бар ма? Олардың жылдық сақинасы өткен кезеңнің климатын қалай сипаттайды және болашақтағы өзгерістерді болжауға қаншалықты көмектеседі? Kazinform тілшісі осы сұрақтарға мамандармен бірге жауап іздеді.

ағаштың сақинасы
Фото: Kazinform / ЖИ

Дендрохронология: ағаштың сақинасында қандай сыр бар?

Дендрохронология – ағаштың қанша жыл өмір сүргенін анықтауға ғана емес, оның өсуіне табиғи жағдайлардың қалай әсер еткенін білуге көмектесетін әдіс. Ағаштың жылдық сақиналарын зерттеу арқылы ғалымдар өткен жылдардағы климаттың қандай болғанын анықтайды.

С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті Орман шаруашылығы факультетінің аға оқытушысы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, ормантану маманы Құралай Мазаржанованың айтуынша, зерттеу барысында ағаш діңінен арнайы бұрғымен керн, яғни өзек алынады. Одан кейін жылдық сақиналардың саны мен ерекшеліктері талданады.

ормантану маманы Құралай Мазаржанова
Фото: Құралай Мазаржанованың жеке мұрағатынан

– Ағаштың өзегін алып, жылдық сақиналарын санау арқылы оның нақты жасын анықтауға болады. Сонымен қатар климаттық жағдайлардың ағашқа қаншалықты әсер еткенін, зиянкестердің зақымын, өрт іздерін және басқа да факторларды зерттеуге мүмкіндік бар, – деді маман.

Ағаш сақинасының осындай ғылыми әлеуеті дендрохронологияның әлемде жеке зерттеу бағыты ретінде дамуына ықпал етті. Бүгінде салада 70-тен астам ірі және шағын зертхана жұмыс істейді. Қазақстанда да зерттеулер әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде, Павлодар қаласында және Қазақ орман шаруашылығы және агромелиорация ғылыми-зерттеу институтының Риддер филиалында жүргізіледі.

Ал бұл әдіске ғылыми тұрғыдан назар аудару бірнеше ғасыр бұрын басталған. Оның алғашқы белгілері Аристотель мен Теофраст еңбектерінде кездеседі. Олар қарағай мен майқарағайдың өсу ерекшеліктерін зерттеген. Кейін Леонардо да Винчи де ағаштардың жылдық сақиналарына назар аударған.

Дегенмен дендрохронологияның дербес ғылыми бағыт ретінде қалыптасуы ХХ ғасырдың басына тұспа-тұс келеді. Оның дамуына америкалық ғалым Эндрю Дуглас елеулі үлес қосты. Ол 1901 жылдан бастап ағаш сақиналарын жүйелі түрде зерттеп, кейін АҚШ-тың Аризона штатында арнайы зертхана ашқан.

Тораңғыдан аршаға дейін: көне ағаштар қанша жыл жасайды?

Дендрохронологиялық зерттеулер еліміздегі көне ағаштардың жасын анықтап қана қоймай, олардың тарихын зерделеуге мүмкіндік беріп отыр. Тіпті бізде мұз дәуірінен бері сақталған ағаштар болуы мүмкін деген болжам бар. Құралай Мазаржанованың айтуынша, Швеция мен Финляндия ғалымдары Қазақстан аумағында осындай ағаштардың кездесуі ықтимал екені туралы ақпараттармен бөліскен. Алайда әзірге бұл болжам ғылыми зерттеулермен расталмаған.

тораңғы ағашы
Фото: egemen.kz

Маманның пікірінше, зерттеуге ерекше назар аударуға тұрарлық өсімдіктердің бірі – тораңғы тоғайлары.

– Тораңғыны шөлді аймақтың падишасы деп атайды. Оның тамыры 11–15 метрге дейін жайылып өседі. Жаңбыр жауған кезде ылғалды бойына жинайтын қасиеті бар. Ғылыми әдебиеттерде тораңғының ұзақ өмір сүретіні айтылады, – деді ғалым.

Тораңғыдан бөлек, Қазақстанда ұзақ жасайтын ағаштардың қатарына Тянь-Шань шыршасы, қарағай, соғды шағаны, сексеуіл мен жиде жатады. Мәселен, Іле Алатауындағы эндемик Тянь-Шань шыршасының зерттелген үлгілерінің жасы 260–270 жыл шамасында болған. Ал кейбір ғылыми деректерде бұл ағаштың 300–500 жылға дейін өмір сүретіні көрсетілген.

– Зерттелген қарағайлардың жасы 230–260 жылды құраған. Соғды шағанының жасы шамамен 180 жыл болды. Ал Қызылорда облысындағы сексеуіл мен жиденің жасы 150 жылға дейін жетеді. Тораңғының 300 жылға дейін өмір сүретіні айтылады.Бірақ бұл ағаштардың нақты жасын анықтау үшін арнайы зерттеу жүргізу қажет, – деді Құралай Мазаржанова.

Ұзақ жасайтын ағаштар туралы деректерде арша ерекше аталады. 1981 жылы «Қайнар» баспасынан жарық көрген «Қазақстанның сирек кездесетін және бағалы өсімдіктері» атты кітапшада аршаның кейбір түрлері 1500 жылға дейін өмір сүретіні жазылған. Ботаник Анна Иващенко «Қазақстанның өсімдіктер дүниесі» энциклопедиясында оның жасын 800–1000 жыл деп көрсеткен.

Сондай-ақ сарапшы Сібір балқарағайының 800 жылға дейін, ал еменнің кейбір түрлерінің 2000 жылға дейін өмір сүре алатынын атап өткен. Дегенмен Қазақстанда мұндай жасқа жеткен ағаштар әзірге ғылыми тұрғыдан тіркелмеген.

– Қазақстан аумағында 2000 жылдық еменді, балқарағайды немесе аршаны кездестірген жоқпыз. Мұндай ағаштардың нақты жасын анықтау үшін арнайы құрылғылар қолданылу керек, – деді маман.

Ғалымның айтуынша, ағаштың жасын сыртқы көлеміне немесе діңінің жуандығына қарап бағалау жаңсақтыққа әкелуі мүмкін. Жергілікті тұрғындар кейбір ағаштарды 600–700 жылдық деп сипаттағанымен, мұндай болжамды тек жылдық сақиналарын зерттеу арқылы ғылыми тұрғыда растауға болады.

Жылдық сақиналар климаттың өзгерісін қалай көрсетеді?

Ағаштың жылдық сақиналары оның өскен кезеңіндегі климаттық жағдайларды көрсетеді. Қолайлы ортада сақиналар кеңейсе, құрғақшылық пен температураның қолайсыз өзгерісі кезінде жіңішкереді. Осы ерекшеліктерді талдау арқылы ғалымдар өткен кезеңдердегі температура ауытқуы мен құрғақшылық кезеңдерін қалпына келтіреді.

Дендрохронология
Фото: Arizona State Museum

Құралай Мазаржанованың айтуынша, Қазақстанда зерттелген ағаштардың сақиналары соңғы 150–160 жылдағы климаттық өзгерістерді зерделеуге мүмкіндік береді.

– Ағаш сақиналары арқылы осы кезеңдегі температура өзгерісін, құрғақшылық болған жылдарды анықтауға болады. Деректер жеткілікті болса, әрбір 10–20 жыл сайын қайталанған табиғи құбылыстарды салыстырып, болашаққа болжам жасауға мүмкіндік бар. Бірақ бұл нақты жауап емес, ғылыми негізделген болжам ғана, – деді маман.

Мұндай зерттеулер халықаралық деңгейде де жүргізіліп келеді. Мәселен, 2020 жылы Proceedings of the National Academy of Sciences ғылыми журналында жарияланған зерттеуде ғалымдар ағаш сақиналарының 600 жылдық деректерін пайдаланып, климаттың тарихи өзгерістерін талдаған. Зерттеу нәтижесінде ХХ ғасырдың ортасынан бастап Жер шарының климаты айтарлықтай өзгергені анықталған.

ағаш сақинасы
Фото: Arpingstone

Өзгерістердің салдары әсіресе құрғақшылық жиілеген өңірлерде сезіледі. Аргентинаның Ғылым мен технология жөніндегі ұлттық зерттеу кеңесінің палеоклиматологы Мариано Моралес құрғақшылықтың көптеген елде ауыл шаруашылығы мен азық-түлік өндірісіне кері әсер етіп отқанын айтады. Оның сөзінше, Оңтүстік Американың кейбір аймақтарында бұрын-соңды болмаған құрғақшылық байқалса, енді бірінде ылғал мөлшері артқан.

– Климаттың өзгеруіне тек адам әрекеті себеп болады деп айтуға болмайды. Табиғи факторлардың да ықпалы бар. Мысалы, Тынық және Атлант мұхиттары бетіндегі температураның өзгеруі, Антарктида маңындағы желдің бағыты мен қарқыны, сондай-ақ экватордан полюстерге қарай жылу мен ылғалды тасымалдайтын Хэдли циркуляциясы климатқа әсер етеді, – деп бөліскен Мариано Моралес.

Сонымен қатар табиғи үдерістермен қатар парниктік газдар да климаттың өзгеруін күшейтеді. Осы тұрғыдан алғанда, ағаш сақиналарын зерттеу климаттың өткен тарихын қалпына келтірумен шектелмейді. Ол табиғи және антропогендік факторлардың ықпалын бағалап, алдағы өзгерістерді ғылыми тұрғыдан болжауға қажетті деректер береді.

Дендрохронология болашақтағы өзгерістерді болжай ма?

Эколог Лаура Сейілбектің пікірінше, тарихи деректер қазіргі климаттық модельдерді толықтырып, болашақтағы өзгерістерді дәлірек бағалауға мүмкіндік береді.

– Дендрохронологияның негізгі міндеті – ұзақ мерзімді заңдылықтарды анықтау және қазіргі климаттық модельдерді тарихи деректермен толықтыру. Осы мәліметтер негізінде ғалымдар климаттың болашақтағы ықтимал өзгерістерін бағалай алады, – деді эколог.

Эколог Лаура Сейілбек
Фото: Лаура Сейілбектің жеке мұрағатынан

Сарапшының айтуынша, мұндай тәжірибе Моңғолияда бар. Елдің батысындағы таулы аймақта өсетін балқарағайлардың жылдық сақиналарын зерттеген ғалымдар 1269–1400 жылдар аралығындағы жазғы температураны қалпына келтірген. Нәтижелер 1990 жылдардан бастап жазғы температураның соңғы сегіз ғасырдағы ең жоғары деңгейге жеткенін көрсеткен. Кейін тарихи деректер климаттық модельдермен салыстырылып, температураның ықтимал өзгерісі бағаланған.

Қазақстанда да дендрохронологиялық зерттеулер арқылы Тянь-Шань тау жүйесі мен Сырдария өзенінің алабындағы климаттық және гидрологиялық өзгерістерді зерделеуге болады.

– Мұндай жұмыстар өңірдегі ұзақ мерзімді климаттық және гидрологиялық өзгерістерді бағалау тұрғысынан маңызды. Қырғызстанда да дендрохронология таулы аймақтардың тарихи климаттық жағдайларын қалпына келтіру, құрғақшылық кезеңдерін анықтау және су ресурстарының өзгерісін бағалау үшін қолданылады, – деді эколог.

Бұған дейін климаттың өзгеруі әлемдегі 1,5 млрд әйел мен қызға қауіп төндіріп отқанын жазған едік.