Қазақстанда нәресте өлімі 22,7%-ға төмендеді
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында нәресте өлімі 22,7 пайызға төмендеді. Бұл туралы Премьер-Министр Олжас Бектенов AMANAT партиясы фракциясының кеңейтілген отырысында мәлім етті.

«Біз 2029 жылға қарай халықтың өмір сүру ұзақтығын кемінде 77 жасқа жеткізу мақсатына біртіндеп жақындап келеміз. Өткен жылдың қорытындысы бойынша өмір сүру ұзақтығы алғаш рет 75 жыл 4 айға жетті. Мемлекет басшысының қолдауы мен тұрақты назарының арқасында денсаулық саласындағы негізгі көрсеткіштерді жақсартуға қол жеткізілді», – деді Үкімет басшысы.
Оның айтуынша, «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында өңірлерде 655 медициналық нысанның 540-ы салынған. Бұл орталықтар шамамен 1 млн ауыл тұрғынын медициналық қызметпен қамтиды.
Премьер-Министр Үкіметтің әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөліп отырғанын атап өтті. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, биыл халықты 100 пайыз ауыз сумен қамтамасыз ету жобалары аяқталмақ. Осы мақсаттарға республикалық бюджеттен 147 млрд теңге, сондай-ақ Арнаулы мемлекеттік қор есебінен 160 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Жыл соңына дейін 17 қала мен 463 ауылда жобаларды аяқтау жоспарланып отыр.
«Ауыл аманаты» жобасы аясында ауыл кәсіпкерлігін қолдау үшін 25 мың жоба қаржыландырылады. Бұл 30 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Ал 2026 жылы өңірлерді қолдауға 5,4 трлн теңге бағытталмақ.
«Өңірлердегі өмір сүру сапасын арттырудың негізгі құралы – тек тікелей қаржыландыру емес, даму институттары арқылы мемлекеттік қолдау тетіктері. Мысалы, «Бәйтерек» холдингі жыл басынан бері кәсіпкерлерге 4 трлн теңгеден астам қаржылық қолдау көрсетті. Бұл 8 трлн теңге болатын жылдық жоспардың 50 пайызынан астамын құрайды. Оның шамамен 2 трлн теңгесі шағын және орта бизнесті дамытуға, 1,5 трлн теңгеден астамы қосалқы шағын кәсіпорындармен тығыз байланыс орнататын ірі бизнесті қолдауға бағытталды», – деді Олжас Бектенов.
Айта кетейік, Үкімет TURAN арнайы экономикалық аймақ территориясын кеңейтті.