Қазақстанда наурыз-сәуірде ауа райы қандай болады

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда наурыз айы жылы әрі жауын-шашынды болады. Ал сәуірде елдің басым бөлігінде ауа температурасы қалыпты деңгейден жоғары болады. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен брифингіде «Қазгидромет» РМК бас директорының бірінші орынбасары Әсет Қалиев мәлімдеді. 

Қазақстанда наурыз-сәуірде ауа райы қандай болады
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Синоптиктердің айтуынша, қазірдің өзінде оңтүстік және оңтүстік-батыс өңірлерде ауа райы жылынып, температура нөлден жоғары. Наурыздың үшінші онкүндігінде жылыну батыс өңірлерде де байқалады. Ал солтүстік, орталық және шығыс аймақтарда ауа райы бірден жылымайды. Бұл өңірлерде суық ауа райы біраз уақыт сақталады. 

– Түнгі ауа температурасы біртіндеп -13 градустан +5 градусқа дейін өзгереді. Күндізгі температура кей жерлерде +13 градусқа дейін көтеріледі, - деді Әсет Қалиев.

«Қазгидромет» мәліметінше, Наурыз айында жауын-шашын мөлшері қалыпты деңгейде болады. Сонымен қатар 22–24 наурыз аралығында еліміздің бірқатар өңірінде жаңбыр жаууы мүмкін.

Сәуір айында ауа райы құбылмалы болады. Айдың басында солтүстік, орталық және шығыс өңірлерде түнде кей күндері -10 градусқа дейін суытуы мүмкін. 

Ал сәуірдің ортасынан бастап елдің көп бөлігінде ауа температурасы тұрақты түрде нөлден жоғары болады. 

Жауын-шашынға келсек, Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау облыстарында, Ақтөбе облысының батысында, сондай-ақ Түркістан мен Жамбыл облыстарының оңтүстігінде, Алматы облысының оңтүстік-шығысында, Жетісу, Шығыс Қазақстан және Абай облысының шығыс бөлігінде жауын-шашын көбірек түсуі мүмкін. Ал қалған өңірлерде жауын-шашын қалыпты деңгейде болады. 

Сонымен қатар синоптиктер су тасқыны қаупі бар өңірлерді атады. 

Соңғы жаңалықтар