Қазақстанда «Наурыз» тұрғын үй бағдарламасы іске қосылады

Наурыз
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Биыл мамырда елімізде тағы бір тұрғын үй ипотекасы ашылады. Жаңа тұрғын үй бағдарламасының талаптары мен ережелері туралы «Отбасы банкінің» өкілдері айтып берді. 

«Наурыз» ипотекасының басқа тұрғын үй бағдарламаларынан басты айырмашылығы – салымшының депозит (Отбасы банкіндегі депозит) мерзіміне қарамайды, яғни бүгін депозит ашып, ертең бағдарламаға қатысуға болады. Бірақ депозитте кем дегенде 1 млн теңге болуы тиіс. Тағы бір талап қатысушы мен оның отбасы мүшелерінің атында соңғы 5 жыл ішінде жылжымайтын мүлік (тұрғын үй, жер телімі тағы сол сияқты) болмауы қажет.

Несие мерзімі – 19 жыл (20%). Тағы бір айта кететін жайт, тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға несие 7%, ал кезекте тұрмағандарға 9% беріледі. Тұрғын үй бағдарламасына 18-62 жас аралығындағы Қазақстан азаматы қатыса алады. Сондай-ақ, қатысушы «Отбасы банкінде» депозиті бар салымшы болуы және табыс көзін растауы міндетті.

Өтініш 2024 жылғы 1 мамырдан бастап otbasybank.kz (баспана маркет платформасы) сайты арқылы онлайн форматта қабылданады. Өтініштерді қарау барысында депозиттің ашылу мерзімі, ондағы сома мен сыйақы көлемі және қатысушының отбасылық жағдайы ескеріледі.

«Отбасы банкі» өкілдерінің айтуынша, «Наурыз» тұрғын үй ипотекасына 300 млрд теңге бөлінеді және тұрғын бағдарламасы 7-8 жылға жалғасады. Айта кетсек, Астана, Алматы, Шымкент қаласы және облыс орталықтарында тек алғашқы нарықтағы тұрғын үйлер ұсынылады.

Еске сала кетсек, 15 наурызда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Мемлекет басшысы баспана жұрттың тұрмыс сапасын танытатын тағы бір маңызды көрсеткіш дей келе, елімізде жаңа тұрғын үй бағдарламасын қолға алу керектігін айтқан еді. 

Соңғы жаңалықтар