Қазақстанда неге вейппен бірге темекіге де тыйым салынбайды - депутат жауабы

нұргүл тау
Фото: Жасұлан Жұмабеков

АСТАНА. KAZINFORM – Осыдан бірер күн бұрын Мәжіліс вейпке тыйым салатын заңды қабылдады. Ал темекіге неліктен тыйым салынбайды? Бұл сұраққа Парламент Мәжілісінің депутаты Нұргүл Тау мен Денсаулық сақтау министрлігі медициналық көмек ұйымы директорының орынбасары Гүлнар Сәрсенбаева Jibek Joly телеарнасында «Фокус внимания» бағдарламасында жауап берді.

Гүлнар Сәрсенбаеваның айтуынша, сарапшылар темекінің құрамын зерттеп, оның салдарын анықтаған.

Алайда, вейптің құрамы туралы әлі нақты ақпарат жоқ. Оның құрамында никотин, глицерин және пропиленгликольдің бары белгілі.

«Вейп аудиториясы балалар мен жасөспірімдерге бағытталған. Ересек адамдар темекінің зияны мен салдарын біледі. Яғни темекі шегу немесе тастауды өзі шешеді. Ал толық қалыптаспаған балалар мен жасөспірімдерді маркетинг индустриясы түрлі-түсті қаптамамен қызықтырып, тартып отыр. Бүгінде тәттілердің, кофенің тағы басқа хош иістің 16 мың түрі бар. Егер жасөспірім темекі шегетін болса, ата-анасы иіс арқылы анықтап, шара қолдана алады. Ал қазір ата-ана ажырата алмайды, өйткені вейптің иісі де, дәмі де жоқ», - деді Гүлнар Сәрсенбаева телебағдарлама эфирінде.

Сондай-ақ, спикер темекінің де, вайптің де құрамында никотин бар екенін атап өтті. Ол тәуелділік туғызады, балалардың миының дамуын тоқтатады.

Оны қолданатын бала оқу бағдарламасын байсалды қабылдай алмайды және мінез-құлқын дұрыс басқармайды.

Өз кезегінде Мәжіліс депутаты Нұргүл Тау балалар мен жасөспірімдерді улап жатқан вейп Қытайдан жеткізілетінін айтты.

«Біздің нарық тек Қытайдан келген өнімдерге толы. Мен вейптің құрамын зертхана арқылы тексергім келіп 15 данасын сатып алдым. Өкінішке қарай, біз оның құрамында не барын білмейміз. Дәрігердің айтқанынан басқа, біз білмейтін 700-ге жуық нәрсе бар. Бізде нарық бақылаусыз», - дейді халық қалаулысы.

Одан бөлек, депутат заң жобасына түзету енгізу кезінде Үкімет бүкіл экономикалық факторларды зерттегенін айтты.

Бұған дейін Қазақстанда вейпті әкелуге, өндіруге, сатуға және таратуға толық тыйым салу жоспарланып отырғаны хабарланған болатын.  

Соңғы жаңалықтар