Қазақстанда неше қызғылт қоқиқаз бар
АСТАНА. KAZINFORM – Экология және табиғи ресурстар министрлігі Kazinform сауалына жолдаған жауапта ел аумағында ұя басатын қызғылт қоқиқаздардың санын атады.

- Қызғылт қоқиқаз Қазақстандағы Сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар өсімдіктер мен жануарлар түрлерінің тізіміне енгізілген. Оның саны 10-50 мың дарақ деп бағаланады. Министрлік қызғылт қоқиқаздың санын сақтау және арттыру үшін оның мекендеу орындарын қорғауды күшейту жұмыстарын жүргізіп отыр. Сондай-ақ құстардың санын және олардың экожүйелерінің жағдайын жүйелі түрде мониторингтен өткізеді, - деп жазады министрлік мамандары.
Ведомствоның дерегі бойынша, қоқиқаз ұя салатын аумақтарда аппараттар ұшыруға шектеу бар.
- Құстарға қауіп төндіретін факторларды азайту үшін қоқиқаздардың ұя салу кезеңінде олардың шоғырланған аймақтары үстінен төмен ұшатын аппараттардың ұшуына тыйым салынды. Сондай-ақ қоқиқаздың негізгі қорегі саналатын артемияның заңсыз аулануына қарсы шаралар қабылданып жатыр, - делінген министрлік жауабында.
Еске салсақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабайдағы Ұлттық құрылтайда қызғылт қоқиқаздарға қатер төніп тұрғанын айтқан еді.