Қазақстанда несие беру тәртібі қатаңдатылады

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банк және микроқаржылық қызметке қатысты нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер енгізіп жатыр, деп хабарлайды Kazinform.

Қазақстанда несие беру тәртібі қатаңдатылады
Коллаж: Kazinform / Freepik

Бұл шаралар несие алушылардың құқықтарын қорғауға, алаяқтыққа қарсы тұруға және банктер мен микроқаржы ұйымдарының (МҚҰ) жауапкершілігін күшейтуге бағытталған.

Тұтынушылық несиелер мен микрокредиттерге шектеулер енгізіледі

Онлайн несие алғаннан кейін – 24 сағат ойланып көруге мүмкіндік

Интернет арқылы рәсімделген, сомасы 150 айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) (589 800 теңгеден) асатын кепілсіз тұтынушылық банктік несиелер үшін қаражатты аударуға кідіріс енгізіледі.

Банк қаражатты заемшы келісімшартқа қол қойған соң, кемінде 24 сағат өткеннен кейін және тек қарыз алушының келісімімен ғана аудара алады. Бұл келісімді электрондық үкімет порталы арқылы да растауға болады.

Күніне бірнеше микрокредит алғандарға – кідірту кезеңі

Егер азамат бір күнде бірнеше микрокредит алып, олардың жалпы сомасы 150 АЕК-тен асса, банк немесе МҚҰ келесі қарызды беруді кідірту немесе кейінге қалдыру тәртібін енгізуге міндетті болады.

150 АЕК-тен жоғары несие — тек жеке барғанда беріледі

Егер азамат алғаш рет 150 АЕК немесе одан жоғары сомаға несие немесе микрокредит рәсімдегісі келсе, келісімшартты банк не МҚҰ бөлімшесіне жеке өзі барып қана жасай алады.

Жас және егде жастағы азаматтарға – ерекше тәртіп

21 жасқа толмаған және 55 жастан асқан азаматтарға тұтынушылық несие немесе микрокредит беру үшін банк пен МҚҰ олардың келісімін нақты және ашық түрде алғаннан кейін ғана рәсімдей алады.

Банктік және микроқаржылық омбудсменге – мемлекеттік тілді білу талабы

Жоба аясында банктік және микроқаржылық омбудсмен лауазымына үміткерлерге жаңа талап енгізілмек. Бұл лауазымда жұмыс істеу үшін үміткер КАЗТЕСТ жүйесі бойынша мемлекеттік тілді В2 деңгейінен төмен емес деңгейде меңгергенін растауы тиіс. Бұл қарыз алушылармен толыққанды қарым-қатынас жасауға мүмкіндік береді.

Жаңа ережелер не үшін қажет?

Түсіндірме жазбада көрсетілгендей, бұл өзгерістер:

Несие алаяқтығының алдын алу;

Банк пен МҚҰ-лардың жауапкершілігін арттыру;

Онлайн несиелер мен микрокредиттер рәсімдегенде қарыз алушылардың құқықтарын қорғау мақсатында әзірленген.

Еске салсақ, бұған дейін елімізде сарбаздарға кредит беруге тыйым салу механизмі әзірленгені туралы жазған едік

Соңғы жаңалықтар