Қазақстанда нотариус қызметін кімдер тегін пайдалана алады
ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM – 2026 жылдан бастап Қазақстанда жекеше нотариустар көрсететін қызметтердің жаңа тарифтері қолданысқа енгізілді. Дегенмен заңнамада азаматтардың жекелеген санаттарына жеңілдіктер қарастырылған.
Нотариаттық әрекеттер үшін ақы төлеуден кімдер босатылатынын және кімдерге 50 пайыздық жеңілдік берілетінін Қарағанды облыстық нотариаттық палатасы түсіндірді.
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда Әділет министрлігі бекіткен жекеше нотариустар қызметінің жаңа тарифтері күшіне енді. Нотариаттық қызметтердің құны атқарылатын әрекеттің түріне қарай белгіленеді. Мәселен, өсиетті куәландыру үшін 3 АЕК (12 975 теңге), мұраға құқық туралы куәлік алу үшін 4 АЕК (17 300 теңге), ал жеке тұлғаға қарапайым сенімхат рәсімдеу үшін 1,1 АЕК (4 758 теңге) төлеу қажет.
Жылжымайтын мүлікке қатысты мәмілелерді куәландыру құны нысанның бағасына, орналасқан жеріне және мәмілеге қатысушылардың туыстық дәрежесіне байланысты өзгереді. Сонымен қатар заңда нотариаттық қызметтер ақысын төлеуден толық немесе ішінара босатылатын азаматтардың санаттары нақты айқындалған.
«Нотариат туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 30-бабының 5-1-тармағына сәйкес азаматтардың төмендегі санаттары жекеше нотариустың нотариаттық әрекеттері мен өзге де қызметтері үшін ақы төлеуден босатылады.
Ардагерлер мен мүгедектігі бар адамдар
Жеңілдік Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, жеңілдіктер бойынша оларға теңестірілген ардагерлерге, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне, сондай-ақ Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы жанқиярлық еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСРО-ның ордендері мен медальдарымен марапатталған жекелеген азаматтарға беріледі.
Бұған қоса, 1941 жылғы 22 маусым мен 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемінде алты ай жұмыс істеген немесе әскери қызмет атқарған, бірақ аталған ордендер мен медальдарға ие болмаған азаматтар да осы санатқа жатады.
Сондай-ақ мүгедектігі бар адамдар, бала кезінен мүгедектігі бар адамның ата-анасының бірі және мүгедектігі бар баланың ата-анасының бірі нотариаттық қызметтер үшін ақы төлеуден толық босатылады.
Көпбалалы аналар
«Батыр ана» атағын алған немесе «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған әйелдер нотариаттық әрекеттердің барлық түрі үшін ақы төлемейді.
Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарында тұратын қарт адамдар
Бұл санаттағы азаматтарға да нотариаттық әрекеттер үшін ақы төлеуден толық босату құқығы берілген.
Қамқоршылық белгіленген созылмалы психикалық аурулары бар адамдар
Оларға мұраға құқық туралы куәлік беру кезінде жеңілдік қарастырылған.
Жасы бойынша зейнеткерлер
Зейнеткерлер нотариаттық әрекеттердің басым бөлігі үшін ақы төлеуден босатылады. Алайда бұл жеңілдік барлық қызметке бірдей қолданыла бермейді.
Атап айтқанда, жеңілдік мәмілелерді және шаруашылық серіктестіктердің құрылтай құжаттарын куәландыруға, мұраны сенімгерлік басқарушыны тағайындауға, мұраға құқық туралы куәлік беруге, сондай-ақ ерлі-зайыптылардың және ортақ меншіктегі өзге де адамдардың мүлкіндегі үлеске меншік құқығы туралы куәлік беруге қолданылмайды.
Бұдан бөлек, ақша қаражатын депозитке қабылдау, атқарушылық жазбалар жасау, вексельдерге наразылық білдіру, құжаттар мен бағалы қағаздарды сақтауға қабылдау да жеңілдік қарастырылмаған нотариаттық әрекеттер қатарына кіреді.
Қандастар
Қандастар Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға байланысты жасалатын нотариаттық әрекеттер үшін ақы төлеуден босатылады.
Кімдерге 50 пайыздық жеңілдік беріледі?
Азаматтардың кейбір санаттары нотариаттық қызметтер үшін ақы төлеуден толық босатылмайды. Алайда оларға белгіленген тарифтің жартысын төлеу мүмкіндігі беріледі.
18 жасқа толмаған жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларнотариаттық қызметтер құнының 50 пайызын төлейді.
«Қазақстанның мүгедектігі бар адамдардың ерікті қоғамы» одағы, Қазақ саңыраулар қоғамы, Қазақ соқырлар қоғамы және олардың өндірістік кәсіпорындары да нотариаттық қызметтер үшін белгіленген тарифтің 50 пайызын төлейді.
Жеңілдіктер заң талаптарына сәйкес берілетінін ескерген жөн. Олар азаматтардың нақты санаттарына және нотариаттық әрекеттердің белгілі бір түрлеріне ғана қолданылады. Сондықтан нотариусқа жүгінбес бұрын қажетті қызметтің ақы төлеуден босату немесе жеңілдік қарастырылған қызметтер қатарына кіретінін анықтап алған дұрыс.
2026 жылы нотариус қызметі қанша тұрады?
Нотариаттық қызметтердің жаңа тарифтері Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2025 жылғы 27 қыркүйектегі № 533 бұйрығымен бекітілген.
Бұған дейін нотариус қызметіне төленетін ақы мемлекеттік баждан және құқықтық әрі техникалық сипаттағы қызметтердің құнынан тұратын. Ал 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап нотариаттық әрекеттерді орындау, құжаттардың көшірмелері мен телнұсқаларын беру, сондай-ақ жекеше нотариустардың консультациялық қызметтері үшін төленетін ақы аталған бұйрыққа сәйкес белгіленеді.
2026 жылы бір айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 4 325 теңгеге тең.
Ең жиі көрсетілетін нотариаттық қызметтердің құны төмендегідей:
- Өсиетті куәландыру – 3 АЕК (12 975 теңге);
- Мұраға құқық туралы куәлік беру – әр куәлік үшін 4 АЕК (17 300 теңге);
- Автомобильді сату құқығынсыз пайдалануға және басқаруға сенімхат рәсімдеу – 2 АЕК (8 650 теңге);
- Мүлікті пайдалануға және оған билік етуге сенімхат рәсімдеу – 2,5 АЕК (10 813 теңге);
- Жеке тұлғаларға арналған өзге де сенімхаттар – 1,1 АЕК (4 758 теңге);
- Консультация беру – 1 АЕК (4 325 теңге);
- Құжат көшірмесінің түпнұсқаға сәйкестігін куәландыру – жеке тұлғалар үшін әр бетіне 0,1 АЕК (шамамен 433 теңге);
- Нотариаттық куәландырылған құжаттың көшірмесін беру – 0,7 АЕК (шамамен 3 028 теңге);
- Нотариаттық құжаттың телнұсқасын беру – 3 АЕК (12 975 теңге).
Жылжымайтын мүлікті рәсімдеу құны қанша?
Жылжымайтын мүлікке қатысты мәмілелерді куәландыру ақысы нысанның құнына, орналасқан жеріне және мәмілеге қатысушыларға қарай белгіленеді.
Қалада жылжымайтын мүліктің құны 30 АЕК-тен аспаса, балалар, жұбайы, ата-анасы, туған аға-інілері мен апа-сіңлілері және немерелері үшін тариф 3 АЕК (12 975 теңге) болады. Ал басқа тұлғалар үшін бұл сома 8 АЕК (34 600 теңге).
Егер жылжымайтын мүліктің құны 30 АЕК-тен асса, жақын туыстар үшін тариф 7 АЕК (30 275 теңге), ал басқа тұлғалар үшін 12 АЕК (51 900 теңге) болып белгіленген. Мәміле тараптарының бірі заңды тұлға болса, тариф 17 АЕК-ке (73 525 теңге) дейін жетеді.
Ауылдық жерде нотариаттық қызметтердің тарифі төменірек. Жақын туыстар үшін ол 1,5 АЕК (6 488 теңге), басқа тұлғалар үшін 2,7 АЕК (11 678 теңге) болады. Ал мәміле тараптарының бірі заңды тұлға болған жағдайда 3 АЕК (12 975 теңге) төлеу қажет.
Ипотекалық тұрғын үй қарызы қаражаты есебінен жылжымайтын мүлік сатып алу кезінде тариф 4 АЕК (17 300 теңге) мөлшерінде белгіленген.
Шарттарды нотариатта куәландыру қанша тұрады?
Жалдау, қарыз (ипотекалық тұрғын үй қарызынан басқа), кепілақы, лизинг, мердігерлік, неке шарты, ортақ меншіктегі мүлікті бөлу, мұрагерлік мүлікті бөлу, алимент төлеу туралы келісім және құрылтай шарттарын куәландыру үшін 10 АЕК (43 250 теңге) төлеу қажет.
Кепілгерлік немесе кепілдік шартын куәландыру құны – 1,5 АЕК (6 488 теңге).
Ипотекалық тұрғын үй қарызы шартын және осы қарыз бойынша жылжымайтын мүлік кепілі шартын куәландыру үшін 4 АЕК (17 300 теңге) алынады. Кепілдің өзге түрлеріне қатысты шарттарды куәландыру тарифі 10 АЕК (43 250 теңге).
Автомобильді иеліктен шығару шартын куәландыру кезінде жақын туыстарға, яғни балаларға, жұбайына, ата-анасына, туған аға-інілері мен апа-сіңлілеріне және немерелеріне арналған тариф 4 АЕК (17 300 теңге) болады.
Басқа тұлғалар үшін бұл қызмет құны 10 АЕК (43 250 теңге). Ал мәміле тараптарының бірі заңды тұлға болған жағдайда тариф 12 АЕК-ке (51 900 теңге) тең.
Осылайша, нотариаттық қызметтердің құны заңнамада белгіленген тарифтерге сәйкес есептеледі. Сонымен қатар азаматтардың жекелеген санаттары үшін нотариус қызметін тегін пайдалану немесе жеңілдікпен алу мүмкіндігі қарастырылған.
Жеңілдік беруден бас тартылса, қайда жүгінуге болады?
Егер азамат заң бойынша нотариаттық қызмет ақысын төлеуден босатылуға немесе жеңілдік алуға құқылы бола тұра, нотариус оған жеңілдік беруден бас тартса, Қарағанды облыстық нотариаттық палатасына немесе Қарағанды облысының Әділет департаментіне шағымдана алады.
Шағымданар алдында жеңілдік алуға құқығын растайтын құжаттарды дайындап, нотариустың бас тартуына не себеп болғанын нақтылап алған жөн.
Бұған дейін ҚР Әділет министрлігі 2026 жылдың 1 қаңтардан бастап нотариаттық әрекеттерді жасауға, құжаттардың көшірмелері мен телнұсқаларын беруге, сондай-ақ нотариустардың кеңес беру қызметтеріне жаңа тариф енгізгені туралы хабарлаған болатынбыз.