Қазақстанда өлімнен кейінгі ағза донорлығы міндетті бола ма – министрлік жауабы

донор
Фото: Pexels

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова елімізде өлімнен кейінгі міндетті донорлықты енгізу мүмкіндігіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Kazinfom тілшісі.

«Жалпы, Қазақстанда заң деңгейінде адам қайтыс болғаннан кейінгі донорлық тәртібіне қатысты жұмыс реттелген. Дегенмен, бұл салада жетілдіретін тұстары бар шығар, бірақ ол тек заңнамалық базаға байланысты емес. Бұл жерде халықтың денсаулық сақтау жүйесіне деген сенімі өте үлкен мәселе. Атап айтқанда, осы саладағы мәселелерді егжей-тегжейлі пысықтаймыз», - деді А. Әлназарова Сенатта тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Оның айтуынша, ағза донорлығын дамыту жұмысы кезең-кезеңімен жүргізілуі керек.

«Менің ойымша, халықтың өзі бұған дайын болуы керек. Біріншіден, мұны мәжбүрлі түрде жасауға болмайды. Біздегі заңнама ағза донорлығын дұрыс ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Сондықтан аталған мәселелер бойынша тиісті қадамдар жасап, ақпараттық жұмыс және халықтың қолдауы арқылы осыны кезең-кезеңмен іске асыру керек», - деп қосты министр.

Жақында Денсаулық сақтау министрлігі Kazinform сауалына жолдаған жауабында қайтыс болған адамның ағзасын трансплантацияға пайдалану мәселесіне қатысты түсінік берді.

 

Соңғы жаңалықтар