Қазақстанда өндірілген алюминийдің 90% экспортталады

Павлодардағы электролиз зауыты он жыл бойы халықаралық стандарттарға сәйкес келетін отандық алюминий өндіруде. Қазақстан электролиз зауытында өндірілген бастапқы алюминий ресми түрде Лондон металл биржасында тіркелген, ол өз кезегінде шығарылатын өнімнің сапасын дәлелдейді. Өнеркәсіп құрылысы 2005 жылы басталып, 2007 жылдың қыркүйегінде Елбасының қатысуымен лентасы қиылып, зауыт отандық алғашқы алюминийді шығарды. 2007 жылдың аяғында Қазақстан электролиз зауыты 11 мың тонна алюминий жасап шығарса, 2010 жылдың маусым айында мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев екінші кезекті іске қосты және бүгінде кәсіпорын жылына 258 мың тонна алюминий өндіреді.
«Алюминий өндіруде алдымен глинозем керек, ол өзіміздің Павлодарда бар. Ал электр тоғымен бізді Ақсу зауыты қамтамасыз етеді. Үшінші қажеттілік - көміртегі аноды. Оны басында сырттан алатынбыз. 2014 жылы Қазақстанның даму банкінің қаржыландыруымен өзімізде өндіретін болдық. Демек алюминий шығарудағы шикізаттың 90%-ы өзімізде бар. Зауыт 2500-ге жуық адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр, оның дені жастар», - деді «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ-ның өндіріс бойынша вице-президенті Бауыржан Смайлов баспасөз туры барысында.
Оның айтуынша, зауыт ашылған жылдары басты мамандар шетелдіктерден тұрса, бүгінде толығымен отандық мамандар жұмыс істейді.
«Биылғы жылдың 9 айындағы есеп бойынша 181 мың тоннадан аса дайын өнім экспортталды, өткен жылы осы уақыт аралығында 163 мың тонна өнім сыртқа жіберілген. Жалпы біздегі алюминий өндірісінің 90%-ы экспортталады, оның 70%-ы Орталық және Шығыс Еуропа елдеріне, 20%-ы Ресейге, ал қалған 10% өзіміздің ішкі нарықты қамтамасыз етеді. Тағы бір айтып кететін дүние бізде қоршаған ортаның тазалығы қатаң сақталады, пайыздық есеппен алсақ 99,4% зиянды қалдықтарсыз шығарамыз», - деді ол.
Зауыттың негізгі өнімі А8 және А85 маркалы 20 келілік алюминий құймалары, сондай-ақ, кәсіпорынның Ертіс өңірінде іске қосылуы бүгінгі таңда кен өндіру мен глиноземді шығарудан металл алуына дейінгі толық өндірістік кезеңді қамтып отыр.
Сонымен қатар, кәсіпорын облыс әкімдігімен бірлескен меморандум аясында бірқатар әлеуметтік жобаларды жүзеге асырады, атап айтқанда зауыттың қаржылай қолдауымен Павлодарда саябақ пен балаларға арналған алаңдар салынып, қала тұрғындарының игілігіне берілді.
Бұған дейін Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов өңірде орташа айлық еңбекақы 8,2 пайызға өсіп, 137 мың теңгені құрағанын мәлім еткен болатын.
Одан бөлек, үстіміздегі жылдың басында аталған зауыт алғаш рет сұйық алюминийді құйып жөнелтуді сәтті жүзеге асырды. «Giessenhaus» ЖШС-на жолданған сұйық күйдегі металлдың бірінші легі шамамен бес тоннаны құрады.