Қазақстанда онлайн сауда екі есе өсті – министр
АСТАНА. KAZINFORM – Соңғы үш жылда елімізде онлайн сауда екі есе өсіп, 2 млрд АҚШ долларынан асты. Бұл туралы Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев мәлім етті.

- Электронды коммерция – отандық және халықаралық маркетплейстер, шағын және орта бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Сонымен қатар еліміздің экспорттық әлеуетін кеңейтіп, жаһандық нарықтағы бәсекеге қабілетті арттырады. Біздің министрлік экспортты қолдау саясатын жүйелі жүргізіп келеді, біз отандық компанияларға аналитикалық және стратегиялық қолдаудан бастап, құқықтық және маркетингтік консультация береміз, - деді Арман Шаққалиев елордада өтіп жатқан EXPO Goods Central Asia алғашқы халықаралық форум-көрмесінде.
Министрдің сөзіне сенсек, ведомство қазақстандық экспорттаушыларға шетелден серіктес табуға, халықаралық көрмелер мен сауда-экономикалық миссияларға қатысуға жан-жақты жәрдемдеседі.
- EXPO Goods Central Asia алғашқы халықаралық форум-көрмесі жай ғана өнімдерді таныстыру емес, бұл нақты шешімдер қабылдау, іскерлік байланыс орнатып, келісім жасауға арналған тәжірибелік платформа, - деп толықтырды ведомство басшысы.
Бұған дейін хабарлағанымыздай Қазақстан мен Орталық Азия арасындағы тауар айналымы 7,6 млрд долларға жетті.
Айта кетейік, елордада EXPO Goods Central Asia атты 159 отандық және халықаралық сауда маркасының қатысуымен көрме және форум өтіп жатыр.