Қазақстанда орман-климаттық жағдайды жақсартуға бағытталған жоба іске қосылды
ҚОНАЕВ. KAZINFORM - Бүгін еліміздегі алғашқы жеке орман шаруашылығы жобасы аясында Алматы облысында дала жұмыстары жүргізілді.

Шеңгелді ауылдық округі Қапшағай су қоймасының жағасында тал егу жұмыстары басталды. Шетелдік инвесторлардың бастамасымен бұрын қараусыз қалған ауыл шаруашылық алқаптары болған 1500 гектар жерге 3,5 миллион түп ағаш көшеттерін отырғызу жоспарланып отыр. Оларды суаруға суды үнемдейтін заманауи тамшылатып суару технологиясы қолданылмақ.

Жобаның мақсаты – табиғи ортаны қалпына келтіру, топырақ жағдайын жақсарту және 30 жыл ішінде көмірқышқыл газының шығарындыларын азайту. Жоба халықаралық экологиялық стандарттарға сәйкес келеді және CCB Gold пен Abacus бағдарламалары бойынша жоғары рейтингке қол жеткізу үшін сынақтан өтіп жатыр.

- Халықаралық ұйымдармен дұрыс жұмыс нәтижесінде қосымша инвестиция тартылды. Бұл жобаның шеңберінде Алматы облысының питомниктері тапсырыс алды. Былтыр шыбық отырғызылған, олар биыл өсіп қалды. Енді оны жанындағы аумаққа көшет ретінде отырғызып жатыр. Биылға 200 гектар жоспарланған. Жалпы 3 жылда 1500 гектар жер көшетпен қамтылады, - деді Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев.
Арнайы бөлінген аумақта жергілікті питомник құрылып, тамшылатып суару жүйесі орнатылған. Онда су Қапшағай қоймасынан тартылады. Қолайлы аумақта алдымен көшет өсіріледі, кейін олар белгіленген жерге отырғызылады. Қазір аумақты зерделеу, қажетті инфрақұрылымды салу секілді нақты іс-шаралар жоспары әзірленген.

«Атамекен» ҰҚП басқарма төрағасы Райымбек Баталов бұл жоба «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқанын атап өтті.

– Бұл – еліміздегі бірегей экологиялық жоба, экологияға салынған жеке инвестиция. Бұл бастама бизнес үшін орман шаруашылығының есігін ашады, - деді ол.

Жоба өкілдерінің айтуынша, бастама БҰҰ-ның тұрақты даму мақсатына қол жеткізуге ықпал етеді, олар:
* климаттың өзгеруімен күресу;
* жер мен экожүйені қалпына келтіру;
* жұмыс орындарын құру және тұрақты экономикалық өсуді қолдау.
Еске салайық, бұған дейін Президент Қазақстан климатқа қатысты күн тәртібінде өңірлік ынтымақтастық, прагматикалық амбиция және халықаралық ықпалдастыққа басымдық беретінін айтқан еді.

Сондай-ақ ЕО климаттық тұрақтылық пен су қауіпсіздігін арттыру жобаларына 86 млн еуро инвестиция салатынын жазғанбыз.

