Қазақстанда орта білім мазмұнын жаңарту 2 бағытта жүзеге асырылады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда орта білім мазмұнын жаңарту 2 бағытта жүзеге асырылады. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің отырысында ҚР Білім және ғылым вице-министрі Есенғазы Иманғалиев мәлім етті.
«Орта білім мазмұнын жаңарту 2 бағытта жүзеге асырылатын болады. Біріншісі - 2015-2016 оқу жылының 1 қыркүйегінен бастап бірінші сыныптан орта білім мазмұнын толық жаңартуды кезең-кезеңімен енгізу. Екіншісі - орта білім мазмұнын жаңартуды ішінара енгізу», - деді вице-министр. Оның алға тартқан статистикалық деректеріне қарағанда, 2015-2016 оқу жылында мектеп табалдырығын 352744 оқушы аттайтын болады. Олардың 228244-і 6 жастан, ал 124500-і 7 жастан бірінші сыныпқа барады. «Біздің есебіміз кадр қажеттілігіне, сонымен бірге осы болжамдық мәліметтер негізінде оқулықтармен және материалдық-техникалық жабдықтауына орай түзіледі», - деді ол.