Қазақстанда осы аптада болған кадрлық ауыс-түйіс

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде апта ішінде бірқатар кадрлық тағайындау болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

ҚР Ішкі істер министрінің бұйрығымен полиция генерал-майоры Таймерденов Қанат Даниярұлы Қазақстан Республикасы ІІМ экстремизмге қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы болып тағайындалды.

Қанат Таймерденов 1976 жылы туған. Осы уақытқа дейін Алматы қаласы полиция департаментінің бастығы қызметін атқарды. Ішкі істер органдарында 1995 жылдан бастап қызмет етеді. Басшылық лауазымдарда жоғары жұмыс тәжірибесі бар. 2012-2017 жылдары Алматы қаласы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары болып жұмыс істеді. Сондай-ақ Маңғыстау облысы полиция департаментінің басшысы қызметін атқарды.

Сонымен қатар Ішкі істер министрінің бұйрығымен:

ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменті бастығының міндетін атқарушы лауазымына Қанат Нұрмағамбетов;

ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменті бастығының орынбасары лауазымына Олег Цой;

ІІМ Ішкі аудит департаменті бастығының орынбасары лауазымына Байболат Майтанов;

Шымкент қаласы Полиция департаменті бастығының орынбасары лауазымына Ермахан Абдраманов;

Түркістан қаласы Полиция басқармасының бастығы қызметіне Бауыржан Жанаев тағайындалды.

Алматы облысының әкімдігінде кадрлық ауыс-түйіс болды. Атап айтқанда, облыс әкімінің өкімімен Әлия Әлімжанқызы Жақыпбекова Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы болып тағайындалды.

Әлия Жақыпбекова 1974 жылы туған, білімі жоғары. Орталық Азия университетін «педагогика және психология», І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетін «экономика және бизнес» мамандықтары бойынша бітірген. Еңбек жолын 2004 жылы Қапшағай қаласындағы № 54179 әскери бөлімінде қойма бастығы болып бастады. Әр жылдары Талдықорған қаласындағы № 2 орта мектептің психолог маманы, «Нұр Отан» ХДП Алматы облыстық филиалының кеңесшісі, Көксу ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы лауазымдарын атқарған. 2016 жылдың қыркүйек айынан - Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары. «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері, бірнеше әннің сөзі мен әуенінің авторы.

Сондай-ақ Алматы облысы әкімі аппараты басшысының өкімімен Ахметов Данияр Дуйсенбіұлы облыс әкімінің кеңесшісі болып тағайындалды.

Данияр Ахметов 1984 жылы туған, білімі жоғары. Қазақ мемлекеттік заң академиясын «заңгер», Д.А. Қонаев атындағы университетті «қаржы» мамандықтары бойынша, Ұлыбританияның Шеффилд университетін «Болашақ» бағдарламасының «халықаралық қатынастар магистрі» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 2005 жылы ҚР Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің инспекторы болып бастаған. Әр жылдары ҚР Индустрия және сауда министрлігі Сауда қызметін реттеу комитеті сыртқы сауда басқармасының бас маманы, ҚР Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Астана қаласының өкілдіктерін үйлестіру басқармасының сарапшысы, ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігінің Сауда комитеті сауда инфрақұрылымын дамыту, Құқықтық қамтамасыз ету басқармаларының басшысы, Сыртқы сауда қызметін реттеу, Халықаралық экономикалық интеграцияны реттеу департаменттерінде директордың орынбасары, ҚР Премьер-Министрі бірінші орынбасарының кеңесшісі, ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің өңірлік даму бөлімі меңгерушісінің орынбасары, ҚР Премьер-Министрі Кеңсесі басшысының орынбасары, ҚР Премьер-Министрінің кеңесшісі, ҚР Президенті Әкімшілігі басшысы хатшылығының инспекторы, Алматы қаласы әкімінің бас инспекторы болды. 2019 жылдың қыркүйек айынан бастап – Алматы қаласы әкімі аппараты басшысының орынбасары қызметін атқарды.

Қанат Ақылұлы Нүсіпбаев облыстың Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы болып тағайындалды. Қанат Нүсіпбаев 1968 жылы туған, білімі жоғары. Қазақтың Еңбек Қызыл Ту орденді ауыл шаруашылығы институтын «ғалым агроном», Қазақ ұлттық аграрлық университетін «агроэколог» мамандықтары бойынша бітірген. Еңбек жолын 1992 жылы Кербұлақ аудандық мемлекеттік сортучаскесінің меңгерушісі болып бастады. Әр жылдары Алматы облысы әкімдігінде түрлі қызмет атқарды.

2013 жылдың шілде айынан – Алматы облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары.

Қызылорда облыстық сотының төрағасы тағайындалды. Бұл қызметке Әділхади Шиғамбаев келді.

Әділхади Шиғамбаев 1994-1998 жылдары Алматы қаласындағы Әуезов аудандық прокуратурасында аға тергеушінің стажері, аға тергеуші, Алматы қалалық прокуратурасында аса қауіпті қылмысты анықтау бөлімінде аса ауыр істер бойынша тергеуші болған. 1998 жылдан бастап Маңғыстау облысы Ақтау қалалық сотының судьясы, төрағасы, Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы, Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы, Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы қызметтерін атқарған.

ҚР Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілінің қызметін қамтамасыз ету басқармасына жаңа басшы тағайындалды. Қызылорда облысы әкімінің өкімімен аталған қызметке Нариман Мақұлбеков келді.

Нариман Мақұлбеков 1968 жылы Қызылорда қаласында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін құқықтану мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын Қызылорда қаласындағы автобазада слесарь болып бастаған. Қарулы күштер қатарында әскери борышын өтегеннен кейін Қызылорда қалалық прокуратурасының тергеуші стажерінен облыс прокурорының орынбасары, Бас прокуратураның департамент бастығына дейінгі қызмет сатысынан өткен. Жеке секторда - «Jfc colos» ЖШС директорының кеңесшісі болған. Сондай-ақ Қызылорда облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары лауазымында болды. 2021 жылдан бастап осы кезге дейін Қызылорда облысы Шиелі ауданының әкімі қызметін атқарды.

Ал Шиелі ауданының әкімі қызметіне ҚР Президенті Әкімшілігі мен Қызылорда облысы Шиелі аудандық мәслихатының келісімі бойынша және облыс әкімінің өкімімен Нұржан Ахатов тағайындалды.

Нұржан Ахатов 1978 жылы Шиелі ауданында дүниеге келген. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін «Бухгалтерлік есеп және аудит», Қазақ гуманитарлық заң университетін «құқықтану» мамандықтары бойынша бітірген. Еңбек жолын Қызылорда облысының статистика жөніндегі есептеу орталығында бастаған. Кейін Шиелі ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыру және кадр жұмысы бөлімінің бас маманы, аудандық экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің меңгерушісі, аудан әкімінің орынбасары қызметтерінде болды. Қызылорда облысы әкімі аппараты ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс бөлімінің бас инспекторы, Қызылорда облысының кәсіпкерлік басқармасы бастығының орынбасары, Шиелі ауданы әкімі аппаратының жетекшісі, Қызылорда қаласы әкімі аппаратының жетекшісі, Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары ретінде жауапты қызметтер атқарған. «Қызылорда» автобус паркі» ЖШС директоры лауазымында қызмет етіп, өндіріс саласында мол тәжірибе жинақтады. Қазіргі қызметіне дейін «Байқоңыр» ӘКК мекемесін басқарды.

Ақмола облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы болып Раджаб Даминов, судья лауазымына Көкшетау қалалық сотының судьясы қызметінен босатыла отырып Бауыржан Баймурзин тағайындалды. Сонымен қатар, Ақкөл аудандық сотының төрағасы болып Жанат Теміров (Целиноград аудандық сотының судьясы қызметінен босатылды), Егіндікөл аудандық сотының төрағасы болып Кәбира Сәдуақасова (Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай аудандық сотының төрағасы қызметінен босатылды), Ерейментау аудандық сотының төрағасы болып Ғұмарбек Сисинғалиев (Павлодар облысы Ақсу қалалық сотының судьясы қызметінен босатылды), Есіл аудандық сотының төрағасы болып Саян Жылқайдаров, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған аудандық сотының төрағасы болып Дариға Оспанова (Алматы қаласы Нурызбай аудандық сотының судьясы қызметінен босатылды), Көкшетау қалалық сотының төрағасы болып Қазыбек Дегенбаев (Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қалалық сотының судьясы қызметінен босатылды), Қосшы қалалық сотының төрағасы болып Нұрлан Бекенов (Атбасар аудандық сотының төрағасы қызметінен босатылды) тағайындалды. Сондай-ақ, Зеренді аудандық сотының судьясы болып Айнұр Сауытбаева, Көкшетау қалалық сотының судьясы болып Қазбек Әбішев (Есіл аудандық сотының төрағасы қызметінен босатылды), мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы болып Ғизат Көбенов (Павлодар облысы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы қызметінен босатылды) тағайындалды.

Павлодар облысы әкімінің өкімімен Айтқазина Самал Оспанқызы білім беру басқармасының басшысы қызметіне тағайындалды.

Самал Айтқазина еңбек жолын 1997 жылы Павлодар облысы Май ауданының Май орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып бастады. 2011-2018 жылдары Павлодар қаласының №25 жалпы орта білім беру мектебі мен дарынды балаларға арналған Абай атындағы №10 мектеп-лицейдің директоры болып жұмыс істеді. 2018 жылдың қараша айынан қазіргі кезге дейін Павлодар қаласының білім беру бөлімінің басшысы лауазымында еңбек етті.

Шорт-тректен Қазақстан командасының бас бапкері қызметіне Нұрберген Жұмағазиев тағайындалды. Ол жақында ғана зейнетке шыққан Мәдіғали Қарсыбековті алмастырды.

Н.Жұмағазиев Олимпиада ойындарының қатысушысы. Сондай-ақ ол Әлем кубогінде, Азия ойындарында және өзге де турнирлерді медаль еншілеген.


Соңғы жаңалықтар