Қазақстанда осы жылы 35 мың жас жігіт әскерге барады

«2019 жылдың көктемінде жылдағыдай ҚР Қарулы Күштеріне, басқа да әскери құралымдарға кейінге қалуға және шақырылудан босатылуға құқығы жоқ 18 бен 27 жас аралығындағы азаматтарды шақыру жоспарланып отыр. Мерзімді әскери қызмет бойынша алдымен шекара қызметіне сарбаздар шақырылады. 2019 жылы жалпы 35 мыңға тарта адамды шақыру көзделуде. Оның 17,5 мыңы осы көктемде, тағы 17,5 мыңы күзде әскер қатарын толықтырады. Атап айтқанда, шекара қызметіне 7,5 мың адам, ҚР Қарулы күштеріне 13 мыңға тарта адам, мемлекеттік күзет қызметіне 600 адам, ұлттық гвардияға 13 мың адам барады», - деді ҚР Қарулы Күштері Бас штабы Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаментінің бастығы, полковник Ардақ Кукатов ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, көктемгі шақыру науқаны қарсаңында Қорғаныс министрінің қатысуымен қорғаныс істері жөніндегі департаменттер және басқармалардың бастықтарымен семинар өткізіліп, өзекті мәселелер талқыланған. Тың өзгерістерді ескере отырып, шақыру барысында заңнамалық деңгейде мерзімді әскери қызметті өткеруден жалтаруға тырысатын адамдар ерекше бақылауға алынған. Сондай-ақ олардың тарапынан шағымды болдырмай шақырылушылар және олардың ата-аналарымен сапалы ұйымдастырылған жұмысты өткізуге назар аударылып отыр.