Қазақстанда отырғызылған ағаштардың тек жартысы ғана жерсінеді

АСТАНА. KAZINFORM — Елде отырғызылған көшеттердің орташа жерсіну деңгейі шамамен 50%-ды құрайды. Бұл көрсеткіш белгіленген 60%-дан жоғары нормативтен төмен, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

«Жасыл желек» республикалық акциясы: Жетісуда 8 мыңнан астам ағаш отырғызылды
Фото: Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі

Бұл туралы ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевтың депутаттық сауалға берген жауабында айтылған.

Үкімет мәліметінше, 2021–2025 жылдары еліміздің мемлекеттік орман қорында шамамен 1,65 млрд көшет отырғызылған. Алайда соңғы күзгі түгендеу нәтижелері олардың орта есеппен тек жартысы ғана жерсінгенін көрсетті.

Отырғызу материалдарының негізгі бөлігін жалпы аумағы 2,7 мың гектарға жуық мемлекеттік орман көшет өсіру шаруашылықтары қамтамасыз етеді. Олар жыл сайын 160 млн-ға дейін көшет өсіреді.

Соңғы бес жылда Қазақстанның елді мекендерінде шамамен 18,1 млн ағаш отырғызылды.

«Жасыл желек» республикалық акциясы: Жетісуда 8 мыңнан астам ағаш отырғызылды
Фото: Жетісу облысының әкімдігі

Көгалдандыру сапасын арттыру және отырғызу материалдарын өндіретін отандық кәсіпорындарды қолдау мақсатында бірқатар жаңа шаралар әзірленіп жатыр. Атап айтқанда, сәндік көшет өсіру шаруашылығына арналған жеке ЭҚЖЖ (Экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуішi) кодын енгізу мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл жабық тамыр жүйесі бар сәндік өсімдіктер өсіретін кәсіпорындарды жеке санат ретінде айқындауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар сапалы отырғызу материалдарын күмәнді өнімдерден ажырату үшін ЕАЭО СЭҚ ТН кодтарын нақтылау жоспарланып отыр.

Экология және табиғи ресурстар министрлігі Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен бірлесіп, жетекші отандық көшет өсіру шаруашылықтарын, оның ішінде «Қазақстан орманы» ЖШС-ін Қазақстандық тауар өндірушілер тізіліміне енгізу мүмкіндігін қарастырып жатыр.

Бұдан бөлек, сәндік көшет өсіру шаруашылықтары мен дендрологиялық сараптама жүргізетін ұйымдарды аккредиттеу немесе лицензиялау тетіктерін енгізу мәселесі де зерделеніп жатыр.

Үкімет жасыл қорды цифрландыруға ерекше көңіл бөліп отыр. Қазіргі уақытта Қазақстанда 8 миллионнан астам қалалық ағаш цифрландырылған. Астана, Алматы, Қарағанды, Маңғыстау, Павлодар облыстары және бірқатар өңірлерде жасыл желектердің интерактивті карталары мен тізілімдері пилоттық режимде жұмыс істейді.

QR-код
Фото: pixabay.com

Орта мерзімді перспективада барлық облыс орталықтарында ағаштарды цифрлық есепке алу жұмыстары аяқталып, әр ағашқа QR-код беріліп, олардың жағдайы бірыңғай деректер базасында тіркелмек.

Сондай-ақ Қазақстан Ғарыш Сапары ұлттық компаниясымен бірлесіп мемлекеттік орман қорындағы орман өсіру жұмыстарының интерактивті картасы әзірленді. Қазір оған елді мекендердегі ағаш отырғызу туралы деректерді енгізу мәселесі пысықталып жатыр.

Еске сала кетейік, бұған дейін Алматыда 2026 жылы егілетін ағаш пен бұта саны артқаны белгілі болды.