Қазақстанда педофилдерді өмір бойы бас бостандығынан айыру ұсынылды
АСТАНА. KAZINFORM – Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығы педофилдерге өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын енгізуді ұсынып отыр. Орталықтың ұстанымын Bizdin Orta подкастында психиатр-дәрігер Тамара Насырова жеткізді.

Орталықтың ұсынысы бойынша, балаларға қарсы қылмыс жасаған адамдарға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы тиіс. Мұндай жағдайда бірден екі мәселе шешіледі. Біріншіден, қылмыскер қоғамнан оқшауланып, балаларға қауіп төндірмейді. Екіншіден, өмір бойы қамауда отырғандықтан химиялық кастрация қажеттілігі туындамайды.
- Мұндай шара экономикалық тұрғыдан да тиімді болуы мүмкін, - деді психикалық денсаулық орталығы жанындағы пациенттерді қолдау қызметінің жетекшісі, психиатр-дәрігер Тамара Насырова.
Айта кетейік, елімізде 2018 жылдан бастап балаларға қатысты жыныстық зорлық-зомбылық жасаған адамдарға бас бостандығынан айырумен қатар, мәжбүрлі химиялық кастрация да қолданылады. Жаза сот үкімі заңды күшіне енген сәттен бастап тағайындалады және жазасын өтеу барысында әрі түрмеден босатылғаннан кейін де дәрігерлердің бақылауымен жүргізіледі.
Сондай-ақ сұхбат барысында шетелдік тәжірибе де талқыланды. Кейбір елде осы дәрежедегі қылмысқа қатысы бар адамдардың қайта қылмыс жасамауы үшін оларды балалар болуы мүмкін нысандарға мүлдем жақындатпайды.
Одан бөлек психиатр-дәрігер химиялық кастрация жасалған адамның кедергіні айналып өтуі мүмкін бе және бұл процестің қалай бақыланатыны туралы сауалға жауап берді.
Подкастың толық нұсқасын 22 тамыз күні сағат 00:30-да «Jibek Joly» телеарнасынан көруге болады.
Еске сала кетсек, Ішкі істер министрлігінің педофилдерді өмір бойы бақылауға алу жоспары барын хабарлаған едік.
Айта кетейік, елімізде педофилдерге түрмеден шыққанға дейін кастрация жасалмақ.