«Қазақстанда пирамида бар ма?»- баспасөзге шолу
***
«Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында «Қазақстанда пирамида бар ма?» атты мақала басылды. Қазірге пирамида деп айтуға келе ме, келмей ме, Қазақстанда пирамида бар екен. Сол сияқты елімізде Түркиядағы Памуккалеге ұқсайтын Шығанақ-Қамқалы тұзды көлі, Майдакен, Сорбұлақ тұз кендері бар екенін білмейміз. Осы уақытқа дейін біздер Шарын сияқты шатқал әлемнің екі мемлекетінде ғана бар деп келдік. Шарын секілді болмаса да көркемдігі одан бір мысқал да кем емес Көмей, Сайранбай дейтін шатқалдарды да екі қазақтың бірі біле бермейді. «Қаратау сілемдерінен 300 метр биіктікте орналасқан табиғи пирамида. Уақыт мүжіген бұл пирамиданы адам тұрғызды ма, әлде Табиғат-Ананың шебер қолынан шықты ма, бір Аллаға аян. Бір ақиқаты, бұл жерде құпиясы ашылмаған жұмбақ тастар да, үңгірлер де көп. Пирамиданың дәл іргесінде Қарауылтөбе бар. Жоңғар, қалмақ шапқыншылықтары кезінде осы үңгірде елімізді қорғаған бабаларымыз дамылдап, қарауылдап жатқан деседі. Жау келе жатқанда осы төбеден түтін шығарып, белгі берген көрінеді», - деп жазады мақала авторы.
Осы газетте «ҚазМұнайГаз» қауіпсіздікті қамтамасыз етеді» деген мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. «ҚазМұнайГаз» компаниялар тобының өндірістік нысандары жұмысына заңсыз араласу, лаңкестер туындатқан төтенше жағдайларда тиімді және жұмыла әрекет ете білуге дайындайтын, сондай-ақ қажетті іс-қимылды оқып-үйрену жаттығуы «ҚазТрансОйл» АҚ Батыс филиалының «Ақтау» бас мұнай айдау стансасы базасында өтті. 50-ге жуық өрт сөндіру және апаттан құтқару техникалары шоғырланып, «оқиғаға» қажеттілігі бар өзге де құрал-жабдықтармен қамтылған кең алаңға «ҚазМұнайГаз» құрамындағы 20-дан астам корпоративтік қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері бар, мобильді күзет топтары, Маңғыстау облысындағы қауіпсіздік органдары мен ішкі істер саласының қызметкерлері, сондай-ақ құтқару қызметі мен өрт қауіпсіздігі саласы қызметкерлері бар, өңірдегі мұнай-газ мекемелері басшылары бар - барлығы 200-ден астам адам жиылды.
***
«Ана тілі» басылымының соңғы санында «Атауларды өзгертуде асығыстық танытпайық» деген тақырыппен А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты ономастика бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы Қыздархан Рысбергенмен арадағы сұхбатты жариялады. «Кез келген ономастикалық атаулардың сол елдің орналасқан жеріне, табиғатына байланысты қойылса, дұрыс болады. Мәселен, Павлодар қаласы Ертіс өзенінің жағасында орналасқан қала болғандықтан, қаланың атауын неге Ертіс деп атамасқа. Петропавл қаласының бұрыннан келе жатқан Қызылжар атауы бар. Тарихқа зер салсақ, ономастикалық атаулардың берілу себептері әртүрлі. Мен олардың негізгі себептерін, түрлерін өзімнің «Ұлттық ономастиканың лингвокогнитивтік негіздері» атты монографиямда жаздым. Ал енді ономастикалық атауларды қазақшалауға келетін болсақ, менің ойымша, мұны ақылмен, парасатпен шешу керек. Бұл мәселені саясиландыруға болмайды. Салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, тәуелсіздік алған жылдардан бері қаншама атаулар қазақшаланып, көптеген тарихи атаулар қайтарылды. Мұның барлығы аз жұмыс емес», - дейді Қыздархан Рысберген.
***
«Жас қазақ» басылымының соңғы санында «Дерт» деген тақырыппен мақала жарияланды. Заманауи есірткінің түрін жасайтындар оның құрамына шоколад, ваниль және шиенің дәмін араластырып жібереді. Жастар бұған қалай байланып қалғанын білмей қалады. Сорақысы сол, бұларды адам қанынан анықтау қиын... Міне, осындай адам шошытарлық деректер Алматыдағы наркология орталығында өткен жиында айтылды. Осы орайда басылым бұл басқосуда айтылған кейбір өзекті пікірлерді ұсынып отыр. Бақытбек Тілеубаев, дәрігер-нарколог: - Иә, қазір героин сұраныстан қалып барады. Себебі жастар арасында экстази немесе «легалка» деп аталып кеткен есірткінің түрі кең тарап келе жатыр. Менің білуімше, қазір қалалық орталықта тіркеуде тұрған 8 жасөспірім бар. Ал тіркелмегендері қанша? Бұлар негізінен мен айтқан экстазиді қолданады. Негізінде есірткінің бұл түрі марихуана мен нашадан (гашиш) да қауіпті. «Легалка» адам ағзасын, бірінші кезекте жүйе жүйесін зақымдайды. Есірткінің бұл түрін қолданғандардың көпшілігі өз-өзіне қол жұмсайды.
***
«Экспресс-К» басылымының бүгінгі санында «Кайрат Келимбетов: второй волны девальвации не будет» атты мақала берілген. «Қазақстанда ешқандай да девальвация болмайды, ал ол туралы әңгімелер тек қаңқу сөз», - дейді ҰБ басшысы. Сонымен қатар ол ресми бағам плюс-минус 3 теңге аралығында бір доллар үшін 185 теңге деңгейінде белгіленгенін еске салып өтті. Қ. Келімбетовтің сөзіне қарағанда, валюталық алыпсатарлардың іс-қимылдары салдарынан девальвация туралы өсек-аяң жылына орташа есеппен 13 рет қайталанады екен.