Қазақстанда полицейлер қандай себеппен жиі жұмыстан шығарылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың басынан бері ел азаматтарының өтініші бойынша 4 полиция қызметкері қызметінен кетті. Бұл туралы бүгін Үкімет үйінде «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының іске асырылу барысына арналған баспасөз мәслихатында ҚР Ішкі істер вице-министрі Ерлан Тұрғымбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Қазақстанда полицейлер қандай себеппен жиі жұмыстан шығарылады

Оның айтуынша, ҚР Ішкі істер министрлігі жанындағы қоғамдық кеңес азаматтардың өтініштерін, оның ішінде қызметкерлердің әдеп іс-әрекетіне қатысты шағымдарын қарайды. Ағымдағы жылдың басынан бері кеңеске 21 өтініш түссе, оның екеуі қызметкерлердің жалпы қабылданған жүріс-тұрыс ережесін бұзу мәселесіне қатысты болды.

«Мұндай жайт өңірлерде де қалыптасқан. Ішкі істер департаменті жанындағы консультативтік-кеңесу орындары полиция қызметкерлеріне қатысты 20 өтінішті қарады. Қарау нәтижесінде 12 лауазымды тұлға тәртіптік жазаға тартылып, 4 қызметкер ішкі істер органдарынан шығарылды», - деді Тұрғымбаев.

Вице-министрдің сөзіне қарағанда, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне қатысты азаматтардың шағымдары мен арыздарын қарау бөлігіндегі жұмыстар қатаңдатылады.

«Қызмет бабын теріс пайдалану, билігін асыра қолдану және дөрекілік - бұл бізге түсетін шағымдардың негізгі үш критерийі», - деді ол.