Қазақстанда референдум жоғары деңгейде ұйымдастырылған – Махмадали Ватанзода

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда өтіп жатқан референдум жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Мұны Тәжікстан Республикасы Оли Мәжілісінің Конституциялық негіздер, адам құқықтары мен бостандықтары, азаматтық және заңдылықты қамтамасыз ету жөніндегі комитетінің төрағасы Махмадали Ватанзода айтты.

Референдум - 2026
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

Халықаралық байқаушының сөзінше, референдум барысын бақылау барысында бірнеше учаскелік комиссияның жұмысы зерделенген.

– Республика ауқымды жұмыс атқарғаны байқалады. Біз барған ондаған учаскелік комиссияларда тәртіп сақталған. Еш жерде асығыс әрекет те, қандай да бір мәселелер де байқалмады. Еркін, демократиялық әрі ашық дауыс беру үшін барлық жағдай жасалған, – деді ол.

Махмадали Ватанзода референдумға халықтың белсенді қатысып жатқанын да ерекше атап өтті.

Оның айтуынша, дауыс беруге әсіресе аға буын өкілдері белсенді қатысып, көпшілік азаматтар учаскелерге отбасымен келіп жатыр.

– Біз барған учаскелерде адамдардың балаларымен бірге келгенін көрдік. Кейбір кішкентай балалар ата-аналарымен бірге бюллетеньдерді жәшікке салып, ерекше қуанып жатты. Дауыс беру жәшіктерінің жанында суретке түсіп жатқан сәттер де көп болды. Жалпы, сайлау учаскелерінде мерекелік көңіл-күй сезілді, – деді халықаралық байқаушы.

Оның пікірінше, азаматтардың референдумға белсенді қатысуы қоғамдағы саяси сананың жоғары екенін көрсетеді.

– Халықтың белсенділігі байқалады. Сондықтан кешке қарай дауыс беруге қатысушылардың үлесі жоғары болады деп ойлаймын, – деп түйіндеді Махмадали Ватанзода.

Айта кетейік, бұған дейін Тәжікстандағы қазақстандықтар референдумда белсенділік танытып жатқанын жазғанбыз.

 

Соңғы жаңалықтар