Қазақстанда республикалық жолдардың бойында қызмет көрсету саласы қандай

АСТАНА. KAZINFORM - Бүгінде республикалық маңызы бар автожолдардың бойында 1500-ге жуық жол бойы қызметтерінің нысандары жұмыс істейді. Олардың ішінде шағын дәмханалардан бастап ірі көпфункционалды кешендерге дейін бар.

Қазақстанда республикалық жолдардың бойында қызмет көрсету саласы қандай
Фото: ҚазАвтоЖол

ҚазАвтоЖол ұлттық компаниясының дерегінше, жыл сайын жолдардағы инфрақұрылымдардың саны өсіп, олардың сапасы мен қызмет көрсетуі артуда. 

Жолдардың маңызды учаскелерінде жолаушылар мен жүргізушілердің қолайлы әрі қауіпсіз демалуына арналған ірі нысандар бой көтеріп жатыр. Олардың ішінде:

• Заманауи жабдықталған автожанармай құю бекеттері;
• Толыққанды тамақтануға арналған кафелер мен асханалар;
• Жүргізушілер мен жолаушыларға арналған қонақ үй бөлмелері мен демалыс аймақтары;
• Жеңіл және жүк көліктеріне арналған кең автотұрақтар;
• Таза санитарлық тораптар, соның ішінде әжетханалар мен душ кабиналары;
• Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған инфрақұрылым.

- Мұндай кешендер жай ғана аялдама емес, бұл - жанармай құйып, тамақтанып, демалып, тазаланып, жолды әрі қарай қауіпсіз жалғастыруға мүмкіндік беретін толыққанды сервис хабтары, - деп жазылған ақпаратта.

ҚазАвтоЖол осындай нысандардың желісін жыл сайын арттырып, тазалыққа, қолжетімділікке және стандарттарға сай болуға ерекше мән беріп келеді. Жаңа кешендер жолдағы көлік қозғалысы ең тығыз учаскелерде ашылуда. Бұл кез келген жүргізуші, жүк тасымалдаушы болсын, саяхатта жүрген отбасы болсын, оларға жолда сапалы сервиске сенім арта алатындай жағдай жасауға бағытталған.

Айта кетейік, биыл жолдарды жөндеуге 781 миллиард теңге қарастырылған.

Соңғы жаңалықтар