Қазақстанда салықтық берешекті әкімшілендіруге қатысты жаңа өзгерістер енгізілді — Арын Қайсар
АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Аудит департаменті берешекпен жұмыс басқармасының басшысы Арын Қайсар салық заңнамасына енгізілген өзгерістер туралы айтып берді. Бұл туралы ол тікелей эфир барысында мәлімдеді.

Спикердің айтуынша, жаңа Салық кодексінде жеке және заңды тұлғаларға қатысты оң өзгерістер қарастырылған.
— Қазіргі таңда есепшоттар тіпті 1 теңге немесе 200 теңге көлеміндегі өсімпұл үшін бұғатталып, кәсіпкерлер мен азаматтардың қызметіне кедергі келтіріп жатыр. Кейбір адамның күнделікті қажеттіліктерін — нан немесе қоғамдық көлікке төлем жасау мүмкіндігі шектеліп қалуда. Бұл негізінен әлеуметтік төлемдер бойынша берешекке қатысты. Бұған дейін әлеуметтік төлемдер бойынша бір теңге берешек үшін де есепшоттар бұғатталатын. Енді жаңа Әлеуметтік кодекске сәйкес, есепшоттарға шектеу тек 6 айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) жоғары берешек болған жағдайда ғана қойылады. Бұл дегеніміз, егер әлеуметтік төлемдер бойынша қарыз 6 АЕК-тен (шамамен 23 000 теңгеден астам) асса ғана есепшоттар бұғатталады, — деді Арын Қайсар.
Тағы бір маңызды жаңалық — салық берешегі бар тұлғаларға төлемді бөліп төлеу немесе кейінге қалдыру рәсімін жеңілдету.
— Қолданыстағы заңнама бойынша, кез келген төлемді кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу рәсімі міндетті түрде кепілмен қамтамасыз етілуі тиіс болатын — ол борышкердің немесе үшінші тұлғаның мүлкі, не банктік кепіл болуы керек. Енді жаңа тәртіпке сай, егер берешек 1 500 АЕК-тен (шамамен 5,5 млн теңге) аспаса, салық төлеуші электронды түрде өтініш беріп, ешқандай қамтамасыз етусіз төлем мерзімін ұзартуға мүмкіндік алады. Бұл — тұтынушылық несие тәрізді. Алайда мұндай жағдайда өсімпұл есептелетін болады, — деді спикер.
Сондай-ақ заңнамаға сәйкес, берешегі ірі көлемдегі заңды тұлғалардың бірінші басшыларына елден шығуға тыйым салынуы мүмкін.
— Қоғам тарапынан жиі сұрақтар туындайды — неге кейбір ірі кәсіпорындардың басшылары салық берешегі бола тұра шетелге шығып кетеді? Бұл сұрақтар негізінен салықтық тексерулер нәтижесінде ірі салықтық міндеттемелер туындаған істерге қатысты қойылады. Енді, егер заңды тұлғаның немесе жеке кәсіпкердің берешегі 27 000 АЕК-тен (шамамен 106 млн теңге) асатын болса, онда олардың бірінші басшыларының елден шығуына шектеу қойылады, — деп атап өтті Арын Қайсар.
Аталған жаңашылдық 2026 жылғы 1 маусымнан бастап күшіне енеді. Ал басқа да өзгерістер 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап заңды түрде қолданылатын болады.
Салық заңнамасына енгізіліп жатқан тағы бір жаңашылдық салықтық берешекке сараланған дифференциалды тәсілді қолдану.
— Бұдан былай салықтық берешекке қатысты шаралар қабылдау шегі 20 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін ұлғайтылады. Яғни, берешек көлеміне байланысты үш деңгейлі жіктеу қарастырылған: 20-дан 45 АЕК-ке дейін, 45 АЕК және одан жоғары. Бұл ретте әрбір күндік мерзімін өткізіп алу бойынша өсімпұл есептеледі, — деді спикер.
Оның айтуынша, берешек шегінен асқан жағдайда әкімшілік шаралар қолданылатын болады. Атап айтқанда есепшоттарды бұғаттау, қолма-қол ақша операцияларын тоқтату, кассалық орналасуды енгізу, дебиторлық берешекті өндіру — егер салық төлеушінің үшінші тұлғалардан алатын қаражаты болса, мүлікті сатуға, айырбастауға, сыйға тартуға тыйым салу, акцияларды иеліктен шығаруға шектеу, тіпті сот шешімі арқылы компанияны банкрот деп тануға дейін шаралар қабылданатын болады.
Еске сала кетейік, Қазақстан Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті жеке тұлғаларға 2024 жылға арналған мүлік салығын төлеудің соңғы мерзімі — осы жылдың 1 қазаны екенін ескертеді.