Қазақстанда салынған кейбір елшіліктердің сыртқы сипаты сол ғимаратты салғызған мемлекеттің өздеріне ұнамай отыр - Қ. Сарыбай

Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында Қазақстан мен Әзірбайжан арасындағы дипломатиялық өкілдіктердің ғимараттарын салу үшін жер учаскелерін беру туралы келісімді талқылау барысында Сыртқы істер министрінің орынбасары Қайрат Сарыбай осылай мәлім етті.
Еске салсақ, талқылау барысында сенатор Орынбай Рахманбердиев Астанада салынып жатқан басқа шет мемлекеттердің елшілік ғимарттарының сәулет-келбетіне қатысты сыни мәселе көтерген болатын. «Бұдан ілгеріде Астананың қақ ортасында Ресей Елшілігінің ғимараты салынды. Соған қарасаңыз ешбір архитектуралық құндылық жоқ, жай бір солдаттың жатақханасына ұқсаған ғимарат қана. Ал алда салынатын елшіліктердің сәулеті қалай болады? Олар біздің сәулетшілермен келісе ме? Астананың архитектурасымен кез келген ғимарат үйлесіп тұруы шарт қой», - деді сенатор О. Рахманбердиев.
Өз жауабында министрдің орынбасары Қайрат Сарыбай елшілік ғимараттарын салу барысында елімізде қабылданған құрылыс нормативтерінің бәрі сақталатынын жеткізді. «Алайда, ғимаратты әрлеу, оны ұлттық нақышпен өрнектеу секілді басқа да ерекшеліктер салып жатқан шет мемлекеттің үкіметінің шаруасы. Біз оған араласа алмаймыз. Менің ойымша, сіз айтып отырған кейбір елшіліктердің сыртқы сипаты сол елшілікті салған, соған қаражат жұмсаған шет ел үкіметтерінің өздерінің де наразылықтарын тудыруда. Бұл рас. Сондықтан кейбір елшіліктер ғимаратының сыртқы сипаты оны салдырғандардың өздеріне ұнамай отыр», - деді Қ. Сарыбай.
Бұл ретте СІМ өкілінің айтуынша, егер Қазақстан Баку қаласында өз елшілігіне ғимарат салатын болса оны сол елдің қолданыстағы нормативтерімен тұрғызу шарт, дегенмен сыртқы архитектурасын қазақтың үлгісімен, ою-өрнегімен салуға болады. «Сол секілді Астанада салынатын шетелдік елшілік ғимараттары сол ұлттың, елдің мәдениетін, сәулетін қамтыса оның еш айыбы жоқ. Бұл менің ойымша, Астананың көркіне де өзіндік үйлесім қосады, қаламыздың нағыз еуразиялық сипатын паш етеді», - деді ол.