Қазақстанда шабдалы мен өрік бағасы қанша

Kazinform жазда сұранысқа ие шабдалы мен өрік бағасын салыстырды.

Сколько стоят персики и абрикосы в регионах Казахстана
Коллаж: Kazinform / Freepik

Жаз басталған сәттен-ақ Қазақстандағы базар мен супермаркетте жеміс-жидек көбейді. Өңірлерде шабдалы мен өріктің бағасы сұрпына қарай әртүрлі. Біз «жеміс-жидек индексін» жасап, қай өңірде арзан, қай қалада баға жоғары екенін анықтадық.

Шабдалы: келісі 700-4500 теңге аралығында

Шабдалы Қонаев қаласында арзан. Мұнда баға 700-1000 теңге. Ал Алматыда 800-1000 теңге болып тұр. Сонымен бірге Талдықорғанда шамамен 900 теңгеге сатып алуға болады.

Павлодар қаласында шабдалының бір келісі 1400-1800 теңгеге сатылып жатыр. Ал Түркістан мен Петропавлда — 1500-1800 теңге.

Таразда баға 1480 теңгеден басталады. Ірі әрі түгі бар шабдалы 2200-2500 теңге тұрады. Ал қабығы жұмсақ шабдалы бағасы — 1480-1600 теңге. Қызылордада баға — 1500-2500 теңге.

Шымкентте келісі — 1700-2500 теңге. Ал нектарин және інжір сұрыпты жемістің келісі 1800-1950 теңге тұрады.

Қарағанды мен Жезқазған еліміз бойынша жеміс бағасы жоғары өңірлер қатарына кіреді. Мұнда нектарин келісі 2670, қабығы жұмсақ шабдалы 1980-3670 теңге.

Астанада шабдалының орташа бағасы 2389 теңге, ал нектерин құны — 1899 теңге.

Ақтау, Атырау, Өскемен мен Семейде баға шамамен 2000 теңге.

Қостанайда жұмсақ шабдалының келісі 2150 теңге, ал інжір тұқымдасы 3500 теңгеге бағаланады.

Ақтөбеде сұрпына қарай баға 2269-3500 теңге аралығында.

Ал ең қымбат шабдалы Көкшетау (келісі 2500 теңге) мен Оралда сатылады. Оралда інжір тұқымдас шабдалы 4500 теңгеге сатылып жатыр.

Қазақстанда шабдалы мен өрік бағасы қанша
Инфографика: Kazinform

Өрік: келісі 400-1950 теңге аралығында

Ең арзаны Түркістан (400-500 теңге) мен Алматыда (500-700 теңге) сатылып жатыр.

Қонаевта өріктің келісі 600-650 теңге, ал Қызылордада 600 теңге. Тараз қаласында келісі 610-700 теңге.

Талдықорғанда көтерме баға 700 теңге, ал келісі 1000-1250 теңге.

Ақтөбеде жемістің қайдан тасымалданғанына байланысты баға 799-969 теңге аралығында болып тұр.

Семей мен Өскеменде өріктің келісі — 800-1000 теңге.

Астанада өріктің бағасы орта есеппен 1199 теңге, ал Қостанайда ұсағы 900-1100 теңгеге, ірісі 1450 теңгеге сатылып жатыр. Ал Петропавлда — 980 теңге.

Ең қымбаты Орал қаласында. Мұнда бал сұрыпты өрік құны 1950 теңге болса, Шымкенттің өрігі 1450 теңгеге сатылады. Ал Павлодарда — 1200- 1600 теңге аралығында.

Қарағанды мен Жезқазғанда баға шамамен 1500 теңге, ал бал сұрыпты өріктің келісі 1300 теңгеге сатылып жатыр.

Шымкентте келісі — 1400-1600 теңге. Ал Атырауда — 1500 теңге. Көкшетау қаласында баға — 1600 теңге. Ақтауда келісі 2000 теңге.

Маусымдық жеміс-жидек құны өңірлердің қайда орналасқанына байланысты болып тұр. Әдеттегідей ең арзан жеміс еліміздің оңтүстігінде сатылады. Ал еліміздің солтүстік және шығыс өңірлерінде баға жоғары. Дегенмен жемістің бұл түрі әлі де көбейіп, баға түседі.

Kazinform тілшісі бұған дейін экзотикалық жеміс-жидек, құрма, қияр мен қызанақ, сонымен бірге фарш, шай мен кофе, ірімшік пен сүзбе бағасын салыстырды.

Соңғы жаңалықтар