Қазақстанда шалғай елді мекендер санитарлық көлікпен қамтамасыз етіледі

АСТАНА. KAZINFORM – Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов ауылдық жерлерде медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру және жедел жәрдемнің жету уақытын қысқарту шаралары туралы айтты.

скорая помощь, жедел жәрдем
Фото: Мақсат Шағырбаев / Kazinform

Бағдарламаның аясында 32 орталық аудандық көпсалалы аурухана жаңғыртылады. Оларда инсульттік және кардиологиялық орталықтар, медициналық оңалту, травматология және ортопедия, хирургия, реанимация және қарқынды терапия бөлімшелері ашылады. Бөлімшелер заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз етіледі.

— Ең алдымен біз 32 көпсалалы аудандық аурухана құрып жатырмыз. Бұл ауруханалар пациенттерге төтенше жағдайларда «алтын сағат» аясында көмек көрсете алады, — деді вице-министр Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Оның айтуынша, ауыр жарақат, инсульт немесе инфаркт жағдайында пациентті ауруханаға «алтын сағат» ішінде жеткізу аса маңызды. Бұл – негізгі міндеттердің бірі.

Тағы бір маңызды бағыт – шалғай елді мекендерді санитарлық көлікпен қамтамасыз ету.

— Барлық аймақтық денсаулық сақтау басқармалары бұл мәселені үнемі назарда ұстайды, логистиканы жетілдіріп келеді, — деп түсіндірді Тимур Мұратов.

Вице-министрдің айтуынша, жедел жәрдем көліктерінің қамтамасыз етілуі нормативке сәйкес реттеледі: әр 10 мың тұрғынға бір бригададан. Халық көп шоғырланған және сирек қоныстанған аймақтарда жедел жәрдем көліктерінің орналасу орны тұрғындарға және аудандық ауруханаларға барынша жақындатылып отыр.

Журналистердің ауылдық жерлерде жедел жәрдемді күту уақытына қатысты сұрағына спикер мынадай жауап берді:

  • бірінші категория – 10 минутқа дейін;

  • екінші категория – 20 минутқа дейін;

  • үшінші категория – 30 минутқа дейін;

  • өмір мен денсаулыққа қауіп төндірмейтін төртінші категория – 1 сағатқа дейін.

Сонымен қатар, ол жедел жәрдем көліктерінің жетіспеушілігі аймақтар бойынша әртүрлі екенін атап өтті. Әр өңірде бұл мәселені шешу үшін жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Еске сала кетейік, бұған дейін қаза тапқан, мүгедектік алған медицина қызметкерлерінің балаларына қандай жеңілдік бар екені хабарланған болатын.

Соңғы жаңалықтар