Қазақстанда шекара арқылы өту тәртібі қатайтылды

ҚОСТАНАЙ. KAZINFORM – Қазақстанда келмей қалған жағдайда ақы төлеу талабы енгізіліп, броньды ауыстыруға шектеу қойылды. Сонымен қатар СМС және мессенджер арқылы тіркеу шаралары іске қосылды.

на границе
Фото: Freepik, ИИ

Бұл туралы Қостанай облыстық мемлекеттік кірістер департаментінен мәлім болды.

ҚР Қаржы министрлігі ашықтық пен тиімділікті қамтамасыз ету және жалған брондау әрекеттерін қысқарту үшін №707 бұйрыққа өзгеріс енгізді.

Жаңа талапқа сәйкес, жүк көліктері үшін бронь түрлерін нақты ажырату енгізілді. Әдеттегі және кезектен тыс бронь құны – 1 АЕК, жедел және қайталама бронь – 100 АЕК болып белгіленді. Сондай-ақ 20 АЕК көлемінде кепілдік жарна қарастырылған, ол рәсімдеу кезінде бұғатталады және келмей қалған жағдайда есептен шығарылады. Бұл шара бұған дейін барлық өтінімдердің 40%-ына дейін жеткен жалған броньдармен күресуге бағытталған.

Бұдан бөлек, әкімдіктерге өткізу пункттерінің жанынан күту аймақтарын қамтамасыз ету міндеттелді. Көлік құралдарының VIN-кодтары бойынша тіркеу және бақылау ережелері нақтыланды.

Шекарадан өту фактісін автоматты түрде растау үшін СЭО «Бүркіт» жүйесімен интеграцияланады. Сондай-ақ SMS және мессенджерлер арқылы тіркелуге рұқсат етіліп, пайдаланушыларға жүйеге қол жеткізуді жеңілдету көзделген.

Броньды ауыстыру мен жоюға лимит қойылды. Енді тегін ауыстыруды бір-ақ рет жүзеге асыруға болады. Әр бағыт бойынша бір ғана бронь ұстауға рұқсат. Жануарлар, тез бұзылатын және қауіпті жүктер сияқты жекелеген санаттар үшін басымдық берілетін слоттар қарастырылады.

Қостанай облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, бұл өзгерістер әкімшілік жүктемені азайтуға, алыпсатарлықты жоюға және шекарадағы электронды кезектің жұмысын ашық етуге бағытталған.

Осыған дейін Ақтөбеде полиция шекарадағы бақылауды күшейткені туралы жаздық.

 

Соңғы жаңалықтар