Қазақстанда «шетел агенттері» туралы заңды енгізу қарастырылмады - Адам құқықтары жөніндегі уәкіл
«Бұл мәселе күн тәртібінде жоқ екенін білемін. Егер осындай бастама болса, онда өзіміз тиісті сараптама жасаймыз. Бізде мұндай жұмыстарды атқаруға қауқарлы штат жасақталған, олардың тиісті мамандықтар бойынша білімі бар. Бұған нақты баға беріп, міндетті түрде өз пікірімізді білдіреміз», - деді Артур Ластаев елордада тілшілерге берген сұхбатында.
Сонымен қатар ол шетелден қаржы алатын тұлғалардың тізілімін жасау мәселесіне қатысты пікір білдірді.
«Қазіргі кезде мемлекеттік кірістер органдары бұл саясатты салық салу мақсатында жүзеге асырып отыр. Бізге осы уақытқа дейін фискалдық саясат аясында адам құқықтарына нұқсан келіп жатқаны туралы ешқандай шағым түскен жоқ», - деді А. Ластаев.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Мемлекеттік кірістер комитеті шетелден қаржы алатын тұлғалардың тізілімін жасауға қатысты түсініктеме берді.