Қазақстанда шетелдік инвесторларға арналған жаңа ынталандыру топтамасы енгізіледі

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстанда 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап шетелдік инвесторларға арналған жаңа ынталандыру топтамасы күшіне енеді.
None
None

Бұл туралы бүгін Алматыда шетелдік инвесторларға арналған жаңа ынталандыру топтамасының тұсаукесер рәсімі барысында «KAZNEX INVEST» экспорт және инвестициялар бойынша ұлттық агенттігі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Қайрат Қарманов мәлімдеді.

Оның айтуынша, бұл ынталандырулар шикізаттық емес басымдықты инвестициялық жобаларға арналған.

«Жаңа ынталандыру шаралары аясында арнайы салықтық жеңілдіктер, инвестициялық субсидиялар, яғни көмекқаржылар және иммиграциялық жеңілдіктер енгізіліп, тиісті заңнамалардың тұрақтылығы қамтамасыз етіледі. Сонымен, инвесторлар 10 жылға дейін корпоративтік табыс салығы мен жер салығын төлеуден және 8 жылға дейін мүлік салығын төлеуден босатылады. Инвестициялық субсидия, яғни көмекқаржы бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары мен жабдықтарға кеткен шығындардың 30 пайызына дейін мемлекет тарапынан субсидия беріледі. Ал иммиграциялық жеңілдіктерге келетін болсақ, енді шетелдік жұмыс күшіне Қазақстанда жұмыс істеуге рұқсат қағаз талап етілмейді. Яғни, 10 елдің азаматтарына Қазақстанға рұқсатсыз келуге мүмкіндік беріледі. Олар: АҚШ, Англия, Біріккен Араб Әмірліктері, Франция, Германия, Голландия, Италия, Оңтүстік Корея, Жапония және Малайзия елдерінің азаматтары» - деді өз сөзінде Қ. Қарманов.

Сонымен қатар, қосылған құн салығы және акциздерден басқа, инвестициялық келісімшарт жасалған жағдайда салық заңнамасы барлық салық мөлшерлері үшін тұрақты болады. Сондай-ақ, импортталған технологиялық жабдықтарға және олардың құрамдас бөліктеріне, қосалқы бөлшектерге, шикізат және материалдарға кедендік баж салығы салынбайды. Оларға қоса, жер телімдері, ғимараттар, машина және басқа да жабдықтар меншікке беріледі.

Естеріңізге сала кетелік, инвестиция үшін басымдықты бағыттарға: металлургия, мұнайхимия, тамақ өнеркәсібі, химия өнеркәсібі, машина жасау және құрылыс материалдарын өндіру салалары жатады.

ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің инвестициялар бойынша комитеті мен экспорт және инвестиция бойынша «KAZNEX INVEST» ұлттық агенттігі ұйымдастырған бүгінгі шараға Қазақстаның Еуропалық бизнес қауымдастығының (ЕВРОБАК) атқарушы директоры Юлия Кусиди, ондаған шетелдік инвесторлар мен отандық іскерлік қауымдастықтардың өкілдері қатысты.

Соңғы жаңалықтар