Қазақстанда шетелдік мамандарды отандық кадрлармен алмастыру бағдарламасы әзірленеді
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда мұнай өңдеу саласындағы күрделі жобаларға тартылатын шетелдік мамандарды кезең-кезеңімен қазақстандық кадрлармен алмастыру бағдарламасы әзірленеді. Бұл талап жаңа жобаларға арналған Жақсартылған модельдік келісімшартқа енгізілмек.
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтың сөзінше, 2025-2040 жылдарға арналған Мұнай өңдеу саласын дамыту тұжырымдамасы шеңберінде кадрларды даярлаудың жаңа тәсілі ұсынылады.
— Күрделі жобалар үшін Жақсартылған модельдік келісімшартты енгізу шеңберінде шетелдік кадрларды қазақстандық мамандармен алмастыру бағдарламасын әзірлеу және Энергетика министрлігімен келісу жөніндегі міндеттеме көзделген, — деді Е. Ақкенженов.
Бағдарлама бойынша шетелдік мамандарды алмастыратын қазақстандық кадрлар алдын ала анықталып, оларды қажетті бағыттар бойынша даярлау және оқыту көзделеді.
Сонымен қатар Қазақстан азаматтарының кандидатураларына басымдық беріледі.
— Жер қойнауын пайдалану бойынша өндіруші компаниялардың келісімшарттық міндеттемелері аясында қазақстандық кадрларды оқытуға өндіріс көлемінің 1% қаржыландыру міндеттемелері қарастырылған, — деді Энергетика министрі.
2023-2025 жылдардағы қаржыландырудың жалпы сомасы шамамен 62,7 млрд теңге болған.
Айта кетейік, елімізде мұнай өңдеу қуаты жылына 39 млн тоннаға дейін артады.
Технологияның өзгеруіне байланысты Қазақстанның көлік саласына 31 жаңа мамандық қажет.