Қазақстанда шетелдік жұмыс күшін тарту тәртібін жетілдіру мәселесі талқыланды
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде Президент жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің Жұмыс тобы тең төрағаларының жұмыс кездесуі өтті, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.
Жиында шетелдік жұмыс күшін тарту тәртібін жетілдіру, жоғары білікті мамандарға, инвесторлар мен кәсіпкерлерге визалық қолдау көрсету, сондай-ақ еңбек заңнамасына жоспарланып отырған өзгерістер талқыланды.
Кездесу Жұмыс тобының шетелдік тараптан жаңа тең төрағасы – «Эр Ликид Мунай Тех Газы» ЖШС бас директоры Габриель Константинді таныстыруға орай ұйымдастырылды. Қазақстан тарапынан жиынға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев қатысты.
Тараптар еңбек, жұмыспен қамту және көші-қон салаларындағы қолданыстағы бастамалар мен реформаларды, сондай-ақ Жұмыс тобы аясындағы алдағы өзара іс-қимыл мәселелерін қарады.
Атап айтқанда, шетелдік жұмыс күшін тарту тәртібін жетілдіруге бағытталған заңнамалық бастамалар сөз болды. Сонымен қатар жоғары білікті шетелдік мамандарға, инвесторлар мен кәсіпкерлерге визалық қолдау көрсету мәселелері назарға алынды.
Бұдан бөлек, еңбек заңнамасына енгізу жоспарланып отырған өзгерістер мен тәлімгерлік институтын реттеу мәселесіне ерекше назар аударылды.
Тараптар заңнамалық бастамаларды талқылау кезінде мемлекеттік органдар мен шетелдік бизнес өкілдері арасындағы тұрақты диалогтің маңыздылығын атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар еңбек және көші-қон заңнамасын жетілдіру бағытындағы бірлескен жұмысты жалғастыруға дайын екендерін білдірді. Бұл жұмыс инвестициялық ахуалды жақсартуға және Қазақстан экономикасының орнықты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Осыған дейінелде инвесторлармен сотқа дейінгі дауды реттеу жөніндегі комиссия құрылатыны туралы жаздық.