Қазақстанда шипажайдағы демалыс құны қанша тұрады

АСТАНА. KAZINFORM - Денсаулығын жақсартуды ойлайтын адамдар үшін курорттық-сауықтыру демалысын ұйымдастыру қашанда маңызды.  Қазақстандық шипажайлар емнің бірнеше түрін ұсынады. Минералды су, балшық, физиотерапия, климаттық ем, массаж да сұранысқа ие. Баға сауықтыру, емдеу орындарының қай өңірде орналасқанына байланысты өзгеріп отырады. Kazinform агенттігінің тілшісі Қазақстандағы шипажайлардың қандай ем ұсынатынын, оған қанша қаржы керек екенін анықтап білді.

Қазақстанда шипажайдағы демалыс құны қанша тұрады
Коллаж: Kazinform

Елімізді 115 шипажай бар. Онда 672 дәрігер ем жүргізеді. Былтыр 413 мың адам өз денсаулығын нығайту үшін осы емдеу-сауықтыру орындарында тынықты. Алайда жыл ішінде қызмет көрсету құны 8,3% көтерілген. Ал жыл басынан бері тағы 8% қымбаттады.

«Жыл басынан бері баға әсіресе Алматы облысында едәуір көтерілді. Мұнда қызмет көрсету құны 35,6% өсті. Ал Батыс Қазақстан облысында 29,8%, Қостанай облысында 25,2% көтерілді. Маңғыстау облысында керісінше баға 1,5% төмендеді», - деп хабарлады Ұлттық статистика бюросы.

Алматы облысында көбіне тыныс алу жолдары мен тірек-қимыл жүйесі, тері және жүрек-қан тамырлары ауруларынан емдейді. Ем-дом кезінде балшық және климаттық ем қолданылады. 

Қазақстанда шипажайдағы демалыс құны қанша тұрады
Кллаж: Kazinform

Алматыдағы тау кешенінде төрт мезгіл тамақ беретін, дәрігер кеңесі мен емі жүргізілетін стандарт нөмірлер бір адамға 21 000 теңге деп белгіленген. Ал жартылай люкс қызметі 22 000 - 38 500 теңге аралығында. Ал люкс қызметі 30 000 теңгеден басталып өсе береді. Сонымен бірге уақытты тиімді әрі жайлы өткізгісі келетін адамдар VIP нөмірді таңдап, тәулігіне 140 000 теңге төлесе болады.

Маңғыстау облысындағы шипажай да ем және сауықтыру қызметтерін ұсынады. Мұнда жүйке жүйесі аурулары, тірек-қимыл, жүрек-қан тамырлары және асқазан жүйесі ауруларына ем іздегендер бара алады. Теңіз ауасы әсіресе тыныс алу жолдары ауыратын адамдарға таптырмас ем. Мұнда қарапайым қызмет бір адамға тәулігіне 18 350 теңге. Стандарт нөмірлер бағасы 22 300 теңгеден басталады. Ал одан тәуірі 25 350 теңгеден басталады.

Шучье-Бурабай курорттық аймағының табиғаты ерекше көз тартады. Таза ауа, ну орман, су айдыны адамның жан дүниесіне тыныштық сыйлайды. Мұнда астма, пневмония секілді тыныс алу жолдары ауруына шалдыққан адамдар мен жүрегі сыр берген науқастар ем іздеп келеді. Тірек-қимылы, асқазан ауруларының асқынған түрін де осында емдетеді. Шипажайда еммен қатар фтизиотерапия, массаж, балшық пен минералды су бар.

Стандарт нөмірлерге бір адам қоныстанса тәулігіне 22 000 теңгеден басталады. Ал жартылай люкс 23 000 теңге, люкс 45 000 теңге болып тұр. VIP-апартамент құны 80 000 теңгеден басталады.

Сарыағашта жерасты ыстық суы мен минералды су бар. Бұл тыныс алу және буын ауруына қолданылады. Мұнда тірек-қимыл аурулары, жүйке аурулары мен гинекологиялық дертке шипа іздейтін адамдар барады.

Стандарт нөмірлерде тамақтану мен ем түрлері қарастырылған. Бұл қызметтің құны 20 000 теңгеден басталады. Жартылай люкс 25 000, люкс 36 000 теңгеден басталады. VIP-апартамент құны 50 000 - 120 000 теңге аралығында.

Еліміздегі шипажайлар емдеу-сауықтыру шараларына қазақы емді де қосқанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар