Қазақстанда шырын мен лимонад бағасы қанша

Жаз айларында қазақстандықтар шөл басатын сусынды жиі тұтынады. Kazinform тілшісі еліміздің өңірлеріндегі шырын мен лимонад бағасын салыстырып көрді. 

Қазақстанда шырын мен лимонад бағасы қанша
Фото: Kazinform

Талдау жасау кезінде шырын, газдалған сусын мен лимонад құнының қаншадан екенін салыстырдық. Баға айырмашылығы қандай? Қай өңірде арзан, ал қай өңірде қымбат екені салыстыру кезінде анықталды.

Ең арзан шырынды Алматы қаласынан сатып алуға болады. Мұнда бір литр шырын құны 539 теңге тұрады. Ал Түркістан (550тг), Орал (572-718 тг) және Атырауда (580 тг) баға сәл жоғары. Қызылордада бір литр шырын құны 600 теңге болып тұр. Ал Көкшетауда — 620 — 765 тг, Қостанайда — 630 тг, Ақтөбеде — 655-743 тг, Қарағандыда — 685 тг және Таразда — 695-709 тг. Бұл еліміздегі шырын бағасы орташа өңірлер. Ал Жезқазғанда 1 литрлік шырын құны 705 тг, Петропавлда- 725-745 тг, Шымкенте — 760 тг және Павлодарда — 780 тг. Ең қымбаты Өскемен мен Семейде. Мұнда шырын құны — 810 теңге.

Айтып өтейік, табиғи шырын бағасы елімізде жоғары болып тұр. Сол себепті өндірушілер арагідік акция өткізіп, жеңілдік жасайды. Сол кезде баға 5-10% төмендейді.

Келесі кезекте жастар жиі тұтынатын газдалған сусын бағасы. Көпшілігі газдалған сусын дәмінен еш өзгешелік байқамайды. Алайда кейбірі аты бір, заты ұқсас болғанымен өзі ғана жақсы көретін газдалған сусынды тұтынғанды жөн көреді. Бір литрлік газдалған сусын Қызылорда мен Алматы қалаларында арзан. Мұнда баға — 500 теңге. Ал Шымкентте — 520 тг, Петропавлда — 525 тг, Ақтөбе мен Оралда — 528 тг. Өскемен мен Семейді баға орташа. Мұнда 1 литрлік газдалған сусын 546 тг тұрады. Атырауда - 550 тг, Таразда — 557 тг, Қарағандыда — 565 тг және Жезқазғанда — 585 тг. Елімізде ең қымбат газдалған сусын төрт қалада сатылады. Қазір Түркістанда — 600 тг, Қостанайда — 601 тг, Көкшетауда — 606 тг және Павлодарда — 630 тг.

Сонымен бірге лимонад бағасын да білдік. Ең арзаны екі қалада тіркелді. Атырауда — 220 тг және Оралда — 284 тг. Қазіргі кезде Түркістанда — 300-450 тг, Петропавлда — 320- 400 тг, Алматыда — 325 — 551, Қызылордада — 350 — 400 тг және Қостанайда — 376-540 тг. Ал Желқазған мен Таразда баға 400 теңгеден басталады. Көкшетауда бір литрлік лимонад құны 450 теңге болып тұр. Шымкент пен Қарағандыда баға сәл жоғары. 1 литр лимонад құны — 470 тг. Өскемен мен Семейде — 547 тг, ал Ақтөбеде — 562 тг. Ең қымбат лимонад Павлодар қаласында сатылады. Бұл өңірде литрі — 680 тг.

Айта кетейік, газдалған сусындар бағасы оның шыны ыдысқа, пластикке немесе қаңылтырға құйылғанына да байланысты. Пластик ыдыстағы сусын бағасы әлбетте арзан болады. Мәселен Шымкентте пластика ыдыстағы 1 литр сусын 520 теңге. Ал көлемі 0,25 л болатын шыны ыдыстағы сусын 430 теңгеге сатылады. Көлемі 0,33 л болатын қаңылтыр ыдысқа құйылған сусын 690 теңгеге сатылады.

Қазақстанда шырын мен лимонад бағасы қанша
Фото: Kazinform

 

Бұған дейін Қазақстандағы шай мен кофе бағасы туралы жазылды

Соңғы жаңалықтар