Қазақстанда іштегі баланың әкелігін анықтау зерттеуі енгізіледі – Әділет министрлігі
АСТАНА. KAZINFORM – Биыл ДНҚ сараптамасы саласын дамыту мақсатында жаңа құрал-жабдықтар сатып алу жоспарланып отыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде ҚР Әділет министрлігі Сот сараптамалары орталығының директоры Бақытжан Байтілесов мәлім етті.
Оның айтуынша, жаңа технологиялар қайтыс болған адамның сыртқы келбетін анықтауға мүмкіндік береді.
– Жаңа құралдар арқылы қайтыс болған адамның түр-әлпетін, көзінің және шашының түсін анықтауға болады. Осындай құрал-жабдықтарды алу жоспарланып отыр, – деді Бақытжан Байтілесов.
Сондай-ақ ол ДНҚ сараптамасы саласында жаңа бағыт енгізілетінін айтты.
– Жүктіліктің жеті айлық кезеңінде нәрестенің әкелігін анықтайтын сараптама жүргізу жоспарланып отыр. Зерттеу барысында іштегі балаға зиян келтірілмейді, анасының қаны арқылы талдау жасалады, – деді орталық директоры.
Айта кетейік, Сот сараптамасы жүйесінде енді компьютерлік томография қолданылады.