Қазақстанда сиыр етін экспорттау талаптары жеңілдейді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігі елімізден ірі қара мал етін экспорттау ережелеріне өзгерістер енгізуді жоспарлап отыр. Бұл туралы «Ашық НҚА» порталында жарияланды.

Қазақстанда сиыр етін экспорттау талаптары жеңілдейді
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Ведомство ұсынған жаңа өзгерістер бордақылау ісімен айналысатын шаруалардың жұмысын жеңілдетпек. Атап айтқанда, бұған дейін тек ірі кәсіпорындарға тиесілі болған квоталар енді орта деңгейдегі шаруашылықтарға да қолжетімді болады.

— Бұл жоба отандық тауар өндірушілерді ынталандыру үшін әзірленді. Біз нарыққа жаңа ойыншылардың шығуына жол ашып, экспорттық кедергілерді алып тастауды көздеп отырмыз, — делінген құжатта.

Осы орайда, экспортқа шығарылатын ет көлемі бордақылау алаңының қуаттылығына, яғни ондағы мал басының санына тікелей байланысты болып қала береді. Құжатқа сәйкес, квота мөлшері келесідей тәртіппен бөлінеді:

  • 5 000 басқа дейінгі қуаттылығы бар алаңдар үшін — 1 000 тонна;
  • 10 000 басқа дейінгі қуаттылығы бар алаңдар үшін — 2 000 тонна;
  • 15 000 басқа дейінгі қуаттылығы бар алаңдар үшін — 3 000 тонна;
  • 20 000 басқа дейінгі қуаттылығы бар алаңдар үшін — 4 000 тонна;
  • 50 000 басқа дейінгі қуаттылығы бар алаңдар үшін — 10 000 тонна.

 

Айта кетейік, бұрын тек өз ет комбинаты барларға ғана басымдық берілсе, енді 5 000-нан астам малы бар бордақылау алаңдары жеке мал соятын цехы болмаса да, өзге кәсіпорындар арқылы өз өнімін шетелге саудалай алады. Сондай-ақ, өз ет комбинаты бар шаруашылықтар үшін мал басының шекті саны 500-ге дейін төмендетілген.

Жалпы квота көлемі 20 мың тонна деңгейінде сақталып, ол 6 ай мерзімге жарамды болады.

Бұған дейін, Kazinform агенттігінің тілшісі қалалардағы ет бағасын салыстырған еді.

Соңғы жаңалықтар