Қазақстанда сим-бокстарды тіркеу және пайдалану тәртібі бекітілді
АСТАНА. KAZINFORM — Бұдан былай Қазақстан аумағында өндірілген және елге әкелінген барлық сим бокстарды міндетті түрде тіркеу қажет. Ал оларды тіркеу тегін жүзеге асырылады, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.
Премьер-министрдің орынбасары — Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев қол қойған бұйрыққа сәйкес, сим-бокс иелері құрылғыны қолдану үшін автоматтандырылған қызмет көрсету жүйесі арқылы немесе www.rfs.gov.kz (https://www.rfs.gov.kz) сайтында көрсетілген дерекқор операторының кеңсесіне жүгінуі керек. Сондай-ақ жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) немесе бизнес сәйкестендіру нөмірін (БСН), оған қоса құрылғының сәйкестендіру кодын ұсынуы тиіс.
Деректердің дұрыстығына құрылғы иесі жауап береді.
Дерекқор операторы ақпаратты алғаннан кейін жеке тұлғалар үшін жұмыс күндері 3 сағатта, ал заңды тұлғалар үшін 6 сағатта құрылғыны тексеруден өткізеді.
Бұл тексеру құрылғының басқа тұлға атына тіркелмеуін және Қазақстанның ұялы байланыс желілерінде заңды пайдаланылуын анықтауға бағытталған.
Мәліметке сай, тексеру барысында құрылғылардың статусы ақ, сұр және қара тізімдегі болып бөлінеді.
— Сұр тізім — заңды пайдалануына қатысты мәліметтер расталмай қалған жағдайда 30 күн мерзімге ғана қолдануға берілген құрылғылар;
— Қара тізім — 30 күн мерзім аяқталғаннан кейін қайта тексеру жүргізіліп, әлі де расталмаған құрылғылар;
— Ақ тізім — заңды түрде пайдалануға рұқсат етілген құрылғылар.
Тіркеу рәсімі жеке тұлғалар үшін 4 сағатта, заңды тұлғалар үшін 8 сағатта аяқталады.
Сим-бокс иелері өз құрылғыларын тіркеуден шығару үшін де автоматтандырылған жүйе немесе дерекқор операторының кеңсесіне жүгіну арқылы өтініш бере алады. Бұл жағдайда да жеке тұлғалардың өтініші 4 сағат, заңды тұлғалардың өтініші 8 сағат ішінде қаралады.
Аталған бұйрық ресми жарияланған күннен кейін он күнтізбелік күн өткен соң, яғни қарашаның 10-ы күні күшіне енеді.
Айта кетелік ұялы байланыс жүйесін айналып өтетін заңсыз сим-бокс құрылғысы анықталды.
Камила Мүлік