Қазақстанда сыра өнімдерінің айналымы толық қадағалауға алынады

АСТАНА. KAZINFORM — 2026 жылғы 1 ақпаннан бастап Қазақстанда Сауда және интеграция министрлігінің бұйрығына сәйкес сыра қайнату өнімдерін цифрлық таңбалау кезең-кезеңімен енгізу басталады. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі хабарлайды.

сыра
Фото: Pixabay

Таңбалау нарықтың барлық қатысушысы алдын ала дайындалып, жаңа жағдайларда жұмысты ұйымдастыра алуы үшін бірізді әрі кезең-кезеңімен енгізіледі:

  • 2026 жылғы 1 ақпаннан бастап — кегалар мен бөтелкелердегі сыраны таңбалау;
  • 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап — қаңылтыр банкілердегі сыраны таңбалау;
  • 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап — тауар айналымының бүкіл тізбегі бойынша толық қадағалау режиміне көшу.

Бұл ретте таңбалауға тек 2026 жылғы 1 ақпаннан бастап өндірілген өнім жатады. Осы күнге дейін өндірілген сыра қайнату өнімдері бір жыл ішінде қосымша таңбалаусыз сатылуы мүмкін.

Сыра өндірушілер, импорттаушылар және бөлшек сауда сатушылары таңбалау жүйесіне бірыңғай цифрлық сервис арқылы қосылады. Тіркеу мына сілтеме бойынша қолжетімді.

Таңбаланған сыраны немесе сыра сусынын бөлшек саудада өткізу кезінде тауарды айналымнан шығару фискалдық деректер операторынан түсетін мәліметтер негізінде автоматты түрде жүзеге асырылады. Бұл үшін сауда нүктелерінің күнделікті қызметінде пайдаланылатын бақылау-кассалық машина қолданылады.

Құйма сыраны (кегаларда) сату кезінде айналымнан шығару фискалдық деректер операторынан алынған алғашқы мәліметтер негізінде жүзеге асырылады және бүкіл кегаға қатысты жүргізіледі.

— Цифрлық таңбалау өнім айналымының ашықтығын қамтамасыз етуге және адал нарық қатысушыларын қорғауға мүмкіндік береді. Жүйе сыра өнімдерін өндіру, сақтау және өткізу процестері түсінікті әрі үйреншікті болып қала отырып, заманауи цифрлық шешімдермен толықтырылатындай етіп құрылған, — деп атап өтті комитет.

Мемлекеттік кірістер органдары өндірушілер мен импорттаушыларды бұл талаптарға алдын ала дайындалуға, таңбалау процесін бизнес жүйесіне енгізуге және белгіленген мерзімде талаптарды орындауға шақырады.

Соңғы жаңалықтар