Қазақстанда іскерлік белсенділік тұрақты деңгейде — Ұлттық банк
АСТАНА. KAZINFORM — Қыркүйек айында елдегі іскерлік белсенділік оң серпінін жоғалтпай, тұрақтылығын сақтап отыр. Ұлттық Банк жариялаған деректерге сәйкес, негізгі салалардағы көрсеткіштер тұрақтылық пен бірқалыпты өсімді көрсетіп отыр. Бұл туралы Ұлттық банк мәлім етті.

Әсіресе өндіріс, қызмет көрсету және сауда салаларында оң динамика байқалса, құрылыс пен тау-кен өнеркәсібіндегі жағдай біртіндеп жақсарып келеді. Бұл макроэкономикалық жағдайдың біршама тұрақтанғанын және кәсіпорындардың іскерлік белсенділікке деген сенімінің сақталып отырғанын білдіреді.
Елдегі іскерлік белсенділік туралы ҚҰБ Ақша-кредит саясаты департаментінің директоры Рүстем Оразалиннің түсіндірмесінде айтылған.
2025 жылдың қыркүйек айында іскерлік белсенділік 50,9 (тамызда 51,0) болып, өзгеріссіз қалды. Индикатор 2024 жылғы наурыздан бастап оң аймақта тұр.
— Өндірісте, қызмет көрсету секторында және саудада белсенділік сақталды, онда индекс тиісінше 53,0, 51,0 және 50,8 (тамызда — 53,8, 51,2 және 51,2) болып, өсу жағында қалды. Құрылыс пен тау-кен өндіру өнеркәсібінде көрсеткіштер теріс аймақта қалғанына қарамастан, 49,5-ке және 49,3-ке дейін (тамыздағы 48,1 мен 48,3-тен) жақсарғаны байқалды, — делінген хабарламада.
Көрсеткіш мәні 50-ден жоғары болса — оң өзгерісті, төмен болса — кері өзгерісті білдіреді. Индекс мәні 50-ден қаншалықты алшақ (жоғары немесе төмен) болса, көрсеткіштің өсу қарқыны (артуы немесе кемуі) соғұрлым жоғары болады.
Ұлттық банктің дерегінше, кәсіпорындардың бизнес жүргізудің қазіргі және келешек жағдайын бағалауы нашарлауы себепті 2025 жылғы қыркүйекте бизнес-ахуал индексі (БАИ) төмендеп, 10,3 болды. Алайда, жалпы көрсеткіштер оң бағаланып отыр, тиісінше бизнес-цикл «сағатының» индикаторы өсу жағында қалды.
Кәсіпорындардың бағалауы бойынша, олардың өніміне/көрсетілетін қызметіне сұраныс өсті, бірақ қарқыны баяу. Ең көп сұраныс өндірісте болды.
Бұған дейін хабарланғандай, Қазақстан Ұлттық Банкі сарапшылар қауымдастығы арасында жүргізілген кезекті макроэкономикалық сауалнаманың нәтижесіне сай, Қазақстандағы инфляция мен базалық мөлшерлеме өсуі ықтимал.